Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Месси Парижге келді. Оны ПСЖ фанаттары қарсы алды

ПАРИЖ. 9 тамыз. Бүгін аты әлемге әйгілі футболшы Лионель Месси «Пари Сен-Жермен» командасымен шартқа отыру үшін Парижге ұшып келді. Бұл туралы Eurosport хабарлады.

Месси 2005 жылдан бері «Барселона» командасының сапында ойнап келді. Клуб 5 тамыз күні онымен келісімшартын үзді. Мұны басшылық қаржылық қиындықтан деп атап көрсетті.

Осыдан кейін еркін агент құқығына ие болған Лионель Париж клубының шақыруына назар аударды. Футболшыны ПСЖ-ның фанаттары клуб офисінде қарсы алды.

Аргентина құрамасының форварды бүгін клубта медициналық тексеруден өтуге тиіс болатын.

Бұдан алдын 34 жастағы футболшының командамен екі жылдық шарт жасасатыны туралы айтылған.

Айта кетейік, Лионель Месси 2005 жылдан бері «Барселона» сапында 778 матчқа қатысып, 672 гол салды және 305 нәтижелі пас берді.

Қазір Лионельдің әйелі Антонелла Рокуццоның осы оқиғаға қатысты инстаграмда жазып қалдырғаны белгілі болып отыр.

«Өткен жылдар туралы бірнеше жолға сыйдырып айтып беру қандай қиын еді. Осы аралықта біздің жадымызда мәңгі қалған қаншама көңіл күй толқыны, қаншама естеліктер болды. Бірақ, айтылып жүргендей, бізді өлтірмейтін нәрсе бізді күшейтіп шығарады. Біз бүкіл отбасы болып бұл кезеңнен де өтеміз, сөйтіп, тағы да алаңға шығып, бұрынғыдан да күшті бола түскенімізді көрсетеміз. Біз қайда барсақ та, бірге барамыз, бірақ тек алға қарай жүреміз!» – деп жазды Рокуццо.

Лондонның «Тоттенхэм Хостпур» командасы да Лионель Мессиді өз қатарынан көргісі келетінін байқатты. Команда қазір Харри Кейнсіз де ойнай алатынын көрсетуге құштар болып отыр. Со ыңғайда ПСЖ жасасып жатқан келісімшартты бұзып, Мессиді алуға әрекет жасап жатыр.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button