Азия чемпионатында тағы 4 боксшымыз жеңіске жетті
ДУБАЙ. 25 мамыр. Бокстан Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін тағы 4 спортшымыз жеңіс жолын жалғастырды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Таңертеңнен мұнда ширек финалдық шайқастар ойналды. Шаршы алаңға бірінші болып шыққан 49 кг салмақтағы Даниял Сәбит индонезиялық Корнелис Квангуді 5:0 етіп ұтты. Осылайша 18 жасар боксшымыз тұңғыш рет құрлық чемпионатының медаліне қол жеткізгелі отыр.
Бұдан кейін бізден 64 кг салмақтағы Зәкір Сафиуллин рингке көтерілді. Ол моңғолдың тәжірибелі тарланы Баатарсух Чинзоригке жол беріп алды – 1:4. Сөйтіп, жарыс жолынан шығып қалғандар қатарын толтырды.
Соңынан 91 кг салмақтағы Василий Левит бәсекеге түсіп, ирандық Ехсан Роузбаханиді 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Қыздар арасында бірінші болып 51 кг салмақтағы Назым Қызайбай айқасқа шықты. Әлемнің екі дүркін чемпионы бұл жолы өзбек құрбысы Турсуной Рахимованы 3:2 етіп жеңді. Бұдан кейін 60 кг салмақтағы Римма Волосенко моңғол қызы Монхор Намунды 5:0 есебімен ұтты.
Бұл күні жеңіске жеткендердің бәрі жартылай финалға шығып, медальдар ауылына енді.
Еске сала кетейік, чемпионаттың алғашқы күні қазақстандықтар сапынан Махмуд Сабырхан (56 кг) мен Серік Теміржанов (60 кг) қарсыластарынан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалған болатын.