Қазақстан Италияны талқандап, B тобын бастап отыр
РИГА. 29 мамыр. Қазақстан құрамасы Латвия астанасы – Рига қаласында өтіп жатқан хоккейден әлем чемпионатындағы бүгін Италия командасын 11:3 етіп талқандап, B тобының басына шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Турнирдің әлі толық аяқталмағанына қарамастан айтып қояйық, Қазақстан құрамасы өзінің тарихында ешқашан әлем чемпионатын дәл қазіргідей табысты етіп өткізіп көрген жоқ. Ешбір жаттықтырушы мен ойыншылардың тұсында да! Олар бұған Юрий Михайлистің басшылығымен қол жеткізіп отыр.
Бүгінгі матчты біздің хоккейшілер үлкен өрлеу мен жігер үстінде өткізді. Олар Роман Старченконың 3-минутта салған жалғыз шайбасы арқасында бірінші кезеңді 1:0 етіп аяқтады. Ал екінші кезеңнің 25-минутында итальян Анджело Мичелли күтпеген жерден таразы басын теңестіріп кетті. Оның «күтпеген жерден» болатыны, соған дейін ұдайы шабуыл үстінде болған қазақстандықтар бірнеше гол соғу мүмкіндігін жіберіп алған еді. Шайба сол кезде біздің дарбазаға соғылды. Дегенмен, кезең соңына дейін біздің жігіттер тағы екі рет қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Алдымен 33-минутта Егер Петухов өз командасын алға шығарса, 35-минутта Евгений Рымарев есепті еселей түсті.
Үшінші кезеңнің басында (42-минут) Никита Михайлис есепті 4:1-ге жеткізді. Бірақ арада бір минут өткенде, 42-минутта Петер Хохкофлер бір шайбаның қарымтасын қайтарды – 2:4. Бұдан кейін біздің жігіттер қарсы қақпаға қарай тау суындай тасыды. Сөйтіп, Кёртис Валк (46), Артём Лихотников (47, 50) екеуі үш шайба түсірді. Таблодағы есеп осы тұста 7:2 болып Қазақстан құрамасына пайдасына жанып тұрды.
Матчтың 50-минутында итальяндар командасынан Алекс Петан өздерінің ең соңғы шайбасын салды. Бұдан әрі қазақстандықтар Кирилл Панюков (55), Роман Старченко (57), Виктор Сведберг (58) тағы үш шайба салды. Ал Егор Шалапов соңғы нүктені сирена дауысы естілуге 8 секунд қалған кезде қойып үлгерді – 11:3!
Осы жеңістен кейін біздің жерлестеріміз әзірге 6 ойыннан 10 ұпай жинап, В тобының турнир кестесінде 8 команда арасында 1-орынға көтерілді. Бізден кейінгі орында 4 ойыннан 10 ұпай жинаған финдер келеді. Бірақ мұның уақытша жоғары көрсеткіш екенін бәріміз де білеміз. Дегенмен, енді бұрынғы жылдардың көрсеткіштерінен қазірдің өзінде көп асып түсіп отырғанымыз анық.
Бүгін осымен бір мезгілде Чехия Ұлыбританияны 6:1 етіп тізе бүктірді.
Қазақстан құрамасы чемпионаттағы өзінің бірінші кездесуін Латвиямен өткізіп, 2:2 есебімен тең ойнаған еді. Содан соң буллиттер сериясында жеңіске жетті. Екінші матчта әлем чемпионы Финляндия құрамасымен айқасып, негізгі уақытты 1:1 есебімен аяқтады. Мұнда да ол буллит негізінде жеңіс тойын тойлады. Ал АҚШ-пен ойналған үшінші ұшырасуда қарсыластарына 0:3 болып ұтылды. Есесіне, төртінші турда соған дейінгі үш ойынын да ұтыспен аяқтаған Германиямен беттесіп, оны 3:2 есебімен тізе бүктірді. Біздің жерлестеріміз бесінші турда Канададан 2:4 есебімен ұтылды. Біле білсек, Үйеңкі жапырағы елі хоккейшілеріне осыншалықты қарсылық көрсете білудің өзі зор табыс еді.
Ал алтыншы ойында Италия командасын талқандап шығуы тіпті қатты қуандырып отыр.
Біз жерлестерімізді осы табыстарының бәрімен құттықтаймыз.