Қазақстан құрамасы үшінші матчында АҚШ-тан жеңілді
РИГА. 25 мамыр. Қазақстан құрамасы Латвия астанасы – Рига қаласында өтіп жатқан хоккейден әлем чемпионатындағы үшінші кездесуінде АҚШ командасынан ұтылды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бұған дейінгі екі ойынында да сенсация жасағандай болған жерлестеріміз Құрама Штаттар терме жамағаты алдында әлсіздік көрсетті. Дегенмен, олар бұл жолы да мықты бәсекелестерінен жасқанбай ойнады. Америкалықтар бірінші және екінші кезеңдердің әрбірінде бір шайбадан ғана түсіре алды, тек соңғы кезеңде екі шайба салуға қол жеткізді. Осы кезеңде төреші біздің Егор Петухов салған бір шайбаны видеожазбаны қарағаннан кейін санамай тастады.
Жеңімпаздар сапынан Адам Кленденинг (‘7), Тревор Мур (’22) және Джек Друри (’42) мергендіктерімен танылды.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы бірінші ойынында алаң иелері – Латвия командасын ойыннан кейінгі буллит сериясында тізе бүктірсе, келесі матчта әлем чемпионы – Финляндия жасағын тап солай буллиттен сүріндірген болатын.
Біздің команда келесі кездесуін ертең, 26 мамыр күні Германия құрамасымен өткізеді. Ол Астана уақытымен 19:15 сағатта басталады.