Әбутәліп Аманов – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Еркін күрестен әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы Дәулет Ниязбеков пен Азия чемпионатының қола жүлдегері, әскерилер арасындағы әлем чемпионы Ғалымжан Өсербаевтың бапкері.
Атақ-мансаптан, қызылды-жасылды дүниеден ар-ұятын жоғары қоятын қарапайым жаттықтырушы. Мұратына адал, ортасына сыйлы. Сол ниетіне қарай әрі ұзақ жыл табандап тер төккен еңбегіне орай алаш жұртының спорттағы қабырғалы мамандарының қатарына қосылды. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше», дейді атам қазақ. Қызылордаға арнайы барып, Әбутәліп ағамызбен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрдық. Қайтарда бейнебір жиырма жыл сыйласқан адамдар тәрізді қимай қоштастық.
Әбекеңнің әлемдік деңгейде белдесіп жүрген екінші шәкірті – Ғалымжан Өсербаев. 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында еліміздің ұлттық құрамасындағы жігіттердің ішінен жүлде ауылының іргесіне – бесінші орынға табан тіреген палуан.
Әбутәліп Аманов – Жаңақорғанның «Ызғар» ауылының тумасы. Күреске тоғызыншы сыныпта жүргенде ден қойыпты. «Жаңақорғандағы дизел стансасы ғимаратын ұстазымыз Жақсыбек Егізбаев күрес залына айналдырды. Ұзындығы сегіз, ені төрт метрдей қарапайым зал мен үшін зәулім спорт сарайынан қымбат, – дейді Әбекең сонау алты қырдың астында қалған балалық шағын көкейде қайта жаңғыртып. – Залдың бел ортасында екі бетон тіреуі болды. Өзі тар бөлменің жартысын семсерлесушілер иемденді, жартысында біз күресеміз. Үш жұп он минут белдесіп, кезегіміз келгенше 40-50 минут күтеміз. Жақсыбек аға семсер үйірмесіне жетекшілік етсе, палуандарды Ерсұлтан ағамыз баптады. Әскерден кейін Жақсыбек аға маған әрі қарай біліміңді ұшта, жаттықтырушы бол, деп ақыл айтты. Жанашыр ағамның жөн сілтеуімен Алматы дене шынықтыру институтына оқуға түстім. Институтты бітірген бойда Жаңақорғанға оралдым. Көзіме де, көңіліме де сондай ыстық баяғы залға ауылдас балаларды жинап, жаттықтырушылық қызметке жегілдім. Арындап тұрған кезіміз. Жаның сүйетін кәсіп рахат емес пе, араға біраз жыл салып, шәкіртім Болат Уайысов балалар арасында Қазақстаннан озып, Совет Одағының жасөспірімдер біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Шағын ауыл үшін бұл дегеніңіз қол жетпес армандай көрінетін. Енді бүкіл Сыр бойының ең нәтижелі палуан баласы біздің ауылдан шығып, бір жасап қалдық. Болаттың ізін баса Әубәкір Тәжімбетов есімді шәкіртім Қазақстаннан асып, жастар арасындағы әлем чемпионатында бесінші орынға ие болды. Осындай жетістіктеріміздің арқасында еңбегіміз еленіп, құлашты кең сілтей бастадық…»
Иә, уақытпен жарыса Әбутәліп те есейді. Тәжірибесі толысып, білім-білігі жетіле түсті. Тағдырдың жазуымен, тілеулестері қолқалап жатып, өзі білім алған орта мектептің тізгінін ұстады. Таң бозынан күрес залына жүгіреді. Ертеңгілік жаттығуды бітірген бойда директорлық қызметіне кіріседі. Содан кешкі беске дейін мектеп шаруасына жегіліп, әрі қарай боз кілемге асығады. Аудан әкімдігінде жиналыс бола қалса, жаттығуына елеңдеп отырады. Кейде жиналыс ұзаққа созылады. Сондай кезде Әбутәліп: «Маған жаттығуға баруға рұқсат етсеңіздер», деп қиылып тұрады. Аудан басшылары «Бұл қандай директор?» деп таң қалысады. Кейбіреулер: «Жаттығуды сылтау ғып, жиналыстан қашып барады», дейді сыртынан күстәналап.
Бір күні немере қарындасы Гүлзада келді жұмыс сұрап. Күйеуі Шора екеуінің төрт баласы бар. Жалақысы жақсы қызметтің ыңғайы болмай, қарындасына мектептің от жағушысы болуға тура келді. Гүлзада жұмысқа таспадай қатқан кішкентай қара баласын ерте келді. Ұлдың аты Дәулет еді…
Дәулет Ниязбеков – еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері, 55 келі (2011 ж.), Азияның 3 дүркін чемпионы, 61, 65 келі (2015, 2016, 2018), құрылық біріншілігінің 3 мәрте қола жүлдегері (2013, 2014, 2017).
Дәулет Ниязбеков – еркін күрестен Азияның 3 дүркін чемпионы атанған әзірге жалғыз қазақ палуаны .
Қарындасы Гүлзада пештің күлін алса, бес-алты жастағы жиені Дәулет күл толы шелекті зорға көтеріп, сыртқа шығарады. Одан белі қайысып жүріп, ішке көмір тасиды, отын жарады. Әбутәліп қарындасы мен жұдырықтай ғана Дәулетті сыртынан бақылап жүрді. Баланың көзінде от бар, өзі сұмдық еңбекқор. Совет өкіметі құлап, Қазақ өкіметі әрі-сәрі күй кешіп жатқан кез. Шораның отбасы да көппен бірге кәдімгідей тарығып жүрген. Кейде отын түсіруге қаржылары болмай қалады. Сондай кезде Әбутәліп директор: «Жұртқа білдірмей, көмір алып тұрыңдар», дейді. Белуарына жақын екі шелек көмірді тірсегі майысып бір жапырақ Дәулет көтеріп бара жатады. Анасына қолғанат болған қара балаға сырттай сүйсініп Әбутәліп тұрады анадай жерде.
Бір күні Гүлзада қарындасы «Ұлымды күреске ал», деп қолқа салды. Мұндайды күтпеген Әбутәліп сасайын деді. Он жасар бала шынашақтай ғана, бойы тым бәкене. Бір метрге де жетпейді. Салмағы 26 келі. Қатты жел тұрса, ұшып кете ме дейсің. «Жоқ», деуге қарындасының көңілін қимады. Әбутәліптің үміт еткені: жиенінің жанкештілігі, қара жұмыстан қайтпайтын табандылығы.
Сонымен Дәулет күресті бастады. Қағілез, тәрбиелі. Айтқан сөзіңді құлағына құйып алады. Тапсырмаға тиянақты. Жаттығудан қалу жоқ. Белдесу десе, жанығып, шабынып тұрады. Ойлы бала. Бірте-бірте мінезі, ішкі иірімдері ашыла бастады. Ешкімнен жеңілгісі келмейді. Жығылып қалса, тістесіп, жұлқысып, қарымта қайтарғанша тыным таппайды. Тарамыс қара баланың осы қасиеттері Әбутәліптің назарынан тыс қалған жоқ.
Иә, Әбутәліп Жаңақорған ауданының орталығындағы орта мектептің директоры әрі еркін күрес жаттықтырушысы. Сырттан қараған адамға ауылды жер үшін тәп-тәуір мансабы, оған қоса көңілі қалаған кәсібі бар бақуатты адам. Ал Әбутәліп Алланың берген осы нығметіне шүкіршілік ете отырып, палуан шәкірттерін ересектер дуына қоса алмағанына іштей жүдеп жүрді. Себебі, Жаңақорғанда жастар мектептен кейін білімін жалғастыратын арнайы оқу орны жоқ. Содан шәкірттері мектепті бітіре сала оқуға түсу үшін Алматыға не Қызылордаға тартып отырады. Әбутәліптің басындағы бұл жағдай ұзаққа созылды. Ол облыстық спорт басқармасы басшыларына Қызылордадан мықты палуандар шығуы үшін арнайы спорт интернаты керектігін айтып жүрді. Ақыры, 2001 жылы облыс орталығында спорт интернаты ашылды да, Әбутәліп директорлық қызметін тастап, Қызылордаға қарапайым бапкер боп ауысып алды. Өзімен бірге Жаңақорғаннан 30-дай баланы ерте кетті. Солардың қатарында Дәулет Ниязбеков пен немере ағасының баласы Ғалымжан Өсербаев та бар еді.
Басында спорт интернатының күрес залы да талапқа сай болмады. Зал тым тар, сондықтан балаларға жарыс кезіндегідей кең сілтеп белдесуге, еркін шегінуге мүмкіндік жоқ. Бала қарсыласын белден іліп, кеудеден асыра алаңсыз лақтыра алмайды. Себебі, ту сыртында қабырға тұр. Содан Әбутәліптің шәкірттері әдіс жасар кезде маңдайына қамшы тиген ат тәрізді жалтақтап тұратын әдет тапты. Әбутәліп бапкер сонда да мойыған жоқ. Ал басшыларға нәтиже керек. Әбутәліптің қарасирақтары Қазақстан біріншіліктерінен көбіне бос қайтып жүрді. Оның үстіне, еркін күрестегі 50 талапкердің басым көпшілігі ұсақ балалар. Әбутәліптің бұл тірлігі де басшыларға ұнаған жоқ. Ал Амановтың ой-арманы алыста еді. Әр салмаққа осы өңірдің ең ширақ, ең белді бес-алты баласын шоғырландырып, өзара айқастырып қойды. Қатты бәсеке бар жерден күшті палуанның шығатынына шәк келтірмеді. Дәулет пен Ғалымжан, өзге балалар жасөспірімдер жарысында жарқырай алған жоқ. Есесіне, Әбутәліптің шәкірттері қатты зорықпай, бабымен піскен жеміс тәрізді жетіле түсті.
Дәулет 2009 жылы, 20 жасында Қазақстанның жастар чемпионатында екінші, Азия біріншілігінде үшінші орынға табан тіреді. Ал келесі 2010 жылдан бастап 55, 61 келі салмақтарда республиканың ересектер чемпионаты мен спартакиадасын алты рет ұтып алды. Сонымен қатар, Азияның алты чемпионатынан жеңімпаз әрі жүлдегер болып оралды. 2011 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында ұлттық құрама бапкерлері Дәулетті Азия біріншілігіне апарғысы келген. Дүниежүзілік чемпионатта сәтті белдесуді көздеген Әбутәліп шәкіртінің тағы да салмақ «қуып», зорыққанын қалаған жоқ. Құрама басшылары Амановтың уәжіне құлақ асты. Сөйтіп, Ниязбеков Ыстамбұлдағы сынға нағыз бабында барды. Әлем чемпионаты үстінде бір қарсыласы Ниязбековке мол ақша ұсынып, жеңілуін өтінді. Бапкер мен палуан келіскен жоқ. Дәулет әлгі «саудагер» палуанды кілемде тұқыртып тастады.
«Әбутәліп ұстазым маған туған әкемдей тілеулес, – дейді Дәулет шынайы пейілмен. – Бала кезімізде сенімін ақтай алмадық. Ағамыз сонда да сабырмен күте білді. Көп бапкер мұндай жағдайға шыдамайды. Біздің ұстазымыз қанша баланың бейнетіне төзді. Чемпион болмаған шәкірттерін де шетке қаққан жоқ…»
Ғалымжан Өсербаев Рио-де-Жанейро Олимпиадасында еркін күрестен 74 келі салмақта 5-орынға ие болды. Әскерилер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы (2014) және 2 мәрте күміс жүлдегері (2010, 2013). Астана қаласындағы Азия құрылығы бойынша лицензиялық турнирдің жеңімпазы (2016), Азия чемпионатының қола жүлдегері (79 келі, 2019).
Ғалымжан кішкентайынан Әбутәліп ағасының тәлімін көрді. Жасөспірімдер және жастар арасындағы республика біріншіліктерінде айтарлықтай нәтижеге жете алмады. 2014 жылы 24 жасында алғаш рет Қазақстан чемпионатында топ жарды. Қазақ елінің 3 дүркін чемпионы. Рио-де-Жанейро Олимпиадасында белдесу ортадан ауғанша сылбыр күресіп, соңғы минуттарда қарсыластарын қапы қалдыруымен есте қалды.
…Әбутәліп бапкер алпыстың асқарына ілікті. 2012 жылы жүрегіне ота жасағаннан бері бұрынғыдай жапырып жұмыс істеуді доғарған. Дәулеттермен боз кілемде қара тері сорғалап алыспаса да, ақыл-кеңесін аямай, тілеулес көңілмен тірлік етіп жатыр. Біз барғанда, шәкірттерінің моншасын дайындап, сол баяғы тынымсыз қаракет үстінде жүрді. Екі бірдей ұланы Олимпиаданың мойны озық бестігінен көрінген Әбутәліп аға бейнеттің де, зейнеттің де қадірін білетін азамат.
Қыдырбек РЫСБЕК,
ҚЫЗЫЛОРДА