Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Сенсация! Қазақстан тұңғыш рет Финляндияны жеңді

РИГА. 23 мамыр. Бүгін Латвияның байтағы – Рига қаласында хоккейден әлем чемпионатында өткізген екінші матчында Қазақстан құрамасы Финляндия командасын буллит сериясын бойынша 3:1 етіп ұтып, сенсация жасады. Бұл туралы sports.ru хабарлады.

«Ригада өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы бір сенсация жасалды. Қазақстан құрамасы Финляндияны ұтты. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды, ал буллиттер сериясында Қазақстан хоккейшілері дәлдік танытты», – делінген хабарламада.

Командалардың айқасы бірінші кезеңде ешқандай нәтиже бермеді. Финдердің біздің қақпаға соққылары саны әлдеқайда көп болды. Соған қарамастан, қазақстандықтар жасқанбай шайқасты. Ал екінші кезеңнің ортасында Суоми жігіттері ақыры бірінші болып есеп ашты. Шайбаны 34-минутта Антон Лунделль салды. Бірақ бұл басымдық екі жарым минутқа ғана созылды. Сол екі ортада қазақ командасы сапынан Кирилл Панюков таразы басын теңестірді. Осы Кирилл үшінші кезеңнің соңында командасына жеңіс әперуге де сәл қалды. Ол қақпашымен жекпе-жек шыққан сәтін пайдалана алмады.

Сонымен, үшінші кезеңде де шайба соғылмады.

Бұдан кейінгі овертаймда да есеп өзгермеді.

Сосын тура кешегідегідей буллит сериясына кезек келді. Онда Қазақстан құрамасы – үш, ал Финляндия командасы бір мүмкіндікті пайдалана алды. Бізден Роман Старченко, Кертис Волк және Никита Михайлис, финдерден Оливер Каски салды.

Осылайша Қазақстан құрамасы тарихта бірінші рет Финляндияны тізе бүктірді. Мұның алдында да Қазақстан буллиттен жеңіске жетіп, Латвияны сүріндірген болса, Финляндия АҚШ-ты 2:1 етіп ұтып еді.

Айта кету керек, қазақстандықтар қатарынан қақпашы Никита Бояркин нағыз ерлік жасады. Осы жеңісте оның үлесі бәрінен де көп.

Бұл күні Швецияны 1:0 етіп ұтып, Беларусь те сенсация жасады. Бұдан бөлек, Словакия – Ұлыбританияны 2:1, Норвегия Италияны 4:1 етіп ұтты. Енді Дания – Швейцария, Канада – АҚШ құрамалары арасында ойындар өтеді.

Қазақстан құрамасы ертең демалады. Ол келесі матчын 25 мамырда АҚШ-пен өткізеді.

 

Қазақстан құрамасының құрамы

Бас жаттықтырушы: Юрий Владимирович Михайлис;

Қақпашылар: Демид Еремеев («Теміртау»), Никита Бояркин («Сарыарқа»), Андрей Шутов («Торпедо» Өскемен)

Қорғаушылар: Егор Шалапов («Барыс», Астана), Джесси Блэкер («Автомобилист», Екатеринбург, Ресей), Кирилл Полохов («Тамбов», Ресей), Валерий Орехов («Барыс»), Даррен Диц («Барыс»), Иван Степаненко («Бейбарыс» Атырау), Виктор Сведберг («Барыс»), Самат Данияр («Барыс»), Алексей Маклюков («Металлург» Магнитогорск, Ресей)

Шабуылшылар: Никита Михайлис («Барыс»), Артём Лихотников («Торпедо»), Кёртис Волк («Барыс»), Егор Петухов («Барыс»), Павел Акользин («Металлург» Магнитогорск), Кирилл Панюков («Ак Барс», Қазан, Ресей), Роман Старченко («Барыс»), Александр Шин («Торпедо»), Аркадий Шестаков («Барыс»), Дмитрий Гурков («Барыс»), Саян Данияр («Номад», Астана), Кирилл Савицкий («Торпедо»), Евгений Рымарев («Югра», Ханты-Мантийск, Ресей), Антон Сагадеев («Барыс»), Дмитрий Шевченко («Авангард», Омбы, Ресей), Әлихан Әсетов («Барыс»).

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button