Қазақ Азамат Дәулетбеков үшінші мәрте Азия чемпионы атағына қол жеткізді
БІШКЕК. 12 сәуір. Қазіргі күндері Қырғызстан байтағы – Бішкек қаласында өтіп жатқан құрлық чемпионатында біздің Азамат Дәулетбеков алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы 1bol.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Еркін күрестен 86 келіге дейінгі салмақта кілемге шыққан Азамат финалда өзбекстандық қарсыласы Жабраил Шапиевті 5:2 есебімен тізе бүктіріп, сары континенттің үздігі атанған еді. Ол бұған дейін Улан-Бааторда 2022 жылы, Астанада 2023 жылы Азия чемпионы атанған еді. Бұған қоса, екі мәрте әлем чемпионатында қола медальге қол жеткізген болатын.
Азамат Бішкек кілемінде жарысты ширек финалдан бастап, әуелі парсы палуанын 3:1 етіп ұтты. Ал жартылай финалда қытайлық қарсыласын 11:0 етіп, мерзімінен бұрын тізе бүктірді.
Айта кетейік, бүгін, 12 сәуірде тағы бір қазақстандық балуан Асыл Айтақын (61 кг) финалда Қырғызстан өкілі Тайырбек Жұмашбекұлына есе жіберіп, күміс медальды еншіледі. Ал кешегі жарыс күнінде Мейрамбек Қартбай (57 кг) қола, Ризабек Айтмұхан (97 кг) күміс медаль жеңіп алған болатын. Бұлардың соңғысы финалда Бахрейн атынан түсіп жүрген, осы салмақтағы әлем чемпионы, Азияның екі дүркін алтынг жүлдегері, түбі дағыстандық Ахмед Тажауддиновпен негізгі уақытта тең түсіп, қосымша уақытта ғана есе жіберіп алды.