Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Әлем чемпионаты. Қазақстан бірінші матчында жеңіске жетті

РИГА. 23 мамыр. Кеше түнде Латвияның байтағы – Рига қаласында хоккейден әлем чемпионатының бірінші матчында Қазақстан құрамасы алаң иелерін ойыннан кейінгі буллиттен жеңіп кетті. Бұл туралы delfi.lv хабарлады.

Кездесудің негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталды. Овертаймда осы есеп өзгерген жоқ. Сондықтан буллитке кезек келді. Онда біздің жерлестеріміз екінші буллит айналымында бір шайба артық салып, 4:3 есебімен алға шықты. Осы ұтыстың арқасында команда 2 ұпайға ие болды.

Ойынның бірінші кезеңінде қауіпті сәттер тым көп болған жоқ. Оның басында латыштар артық көрінгенімен, тұтастай алғанда, қазақстандықтар басымырақ ойнады. Осының алдында Канада құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктіріп, сенсациялық жеңіске жеткен алаң иелері аздап шаршаңқы көрінді.

«Сенсация» демекші, мамырдың 21-і күні басталған бұл чемпионатта сондай таңқаларлық нәтижелер алғашқы сәттен тіркеліп жатыр. Оның біріншісі осы латыштардың атақты канадалықтарды ұпайсыз қалдыруы болса, екіншісі 22 мамырда Данияның Швецияны 4:3 етіп ұтып кетуі еді. Осы күні Чехияның Швейцариядан 2:5 болып ұтылуын да осындай күтпеген нәтижеге жатқыза аламыз.

Сонымен, чемпионаттың бірінші күні, 21 мамырда мынадай есептер тіркелді: Ресей – Чехия 4:3, Германия – Италия 9:4, Беларусь – Словакия 2:5, Канада – Латвия 0:2. Ал 22 мамырда мынадай нәтижелер өмірге келді: Дания – Швеция 4:3, Норвегия – Германия 1:5, Ұлыбритания – Ресей 1:7, Финляндия – АҚШ 2:1, Чехия – Швейцария 2:5.

Бұл күні бәрінің соңынан кортқа Латвия – Қазақстан құрамалары шықты.

Екінші кезеңде ойын айтарлықтай қызықты бола түсті. Бірақ қақпаға жасалған соққы мен гол болатын ахуалдар бұрынғысынша көп бола қоймады. Дегенмен, командалар сол аралықта бір-бірден шайба салып үлгерді. Бұл тұста қазақстандықтар көбірек шабуылдап жатқандарымен, латыштар бірінші болып есеп ашып кетті. Алдымен Даугавиньш қақпаның арт жағынан алға қарай шайба жөнелтті, оны екі рет сілтеп, әрекет еткен Дарзиньш есеп ашты – 1:0.

Қазақстан құрамасы кезеңнің соңғы минуттарында таразы басын теңестірді. Қазақстандық болып кеткен Диц солға қарай Старченкоға шайба асырды. Оны жолай Шин ұстап қалды. Сол жасаған соққыны қақпашы Кивлениекс қайтара алмады – 1:1. Қазақ командасы осылай бір ойыншы артықшылығын жақсы пайдалана білді.

Үшінші кезеңнің бас жағында Латвия тағы алға шықты. Олар бұл жолы да сирек шабуылдардың бірін голға айналдырып алды. Рихард Букартс қақпашымен бетпе-бет келіп, айдынын асырып жіберді. Арада небәрі 12 секунд өткеннен кейін қазақстандық Блэкер оған жауап қайтарды – 2:2.

Чемпионатқа қатысып жатқан 16 команда А және В топтарына бөлініп ойнауда. Оның А тобында Ресей, Швеция, Чехия, Словакия, Швейцария, Дания, Беларусь, Ұлыбритания, В тобында Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия, Италия, Қазақстан құрамалары бар.

Әзірге А тобында – Ресей, В тобында Германия алда келеді. Олар 2 ойыннан 6 ұпай алды.

Қазақстан құрамасы бүгін екінші матчында Астана уақытымен 19:05-те Финляндия командасымен кездеседі. Матч «Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бүгін сондай-ақ мына құрамалар арасында ойындар ойналады: Ұлыбритания – Словакия, Норвегия – Италия, Швеция – Беларусь, Дания – Швейцария, Канада – АҚШ.

 

Қазақстан құрамасының құрамы

Қақпашылар: Демид Еремеев («Теміртау», Теміртау), Никита Бояркин («Сарыарқа», Қарағанды), Андрей Шутов («Торпедо», Өскемен);

Қорғаушылар: Егор Шалапов («Барыс, Астана), Джесси Блэкер («Автомобилист», Екатеринбург, Ресей), Кирилл Полохов («Тамбов», Тамбов, Ресей), Валерий Орехов («Барыс»), Даррен Диц («Барыс»), Иван Степаненко («Бейбарыс», Атырау), Виктор Сведберг («Барыс»), Самат Данияр («Барыс»), Алексей Маклюков («Металлург», Магнитогорск, Ресей);

Шабуылшылар: Никита Михайлис («Барыс»), Артём Лихотников («Торпедо»), Кёртис Волк («Барыс»), Егор Петухов («Барыс»), Павел Акользин («Металлург», Магнитогорск), Кирилл Панюков («Ак Барс», Қазан, Ресей), Роман Старченко («Барыс»), Александр Шин («Торпедо»), Аркадий Шестаков («Барыс»), Дмитрий Гурков («Барыс»), Саян Данияр («Номад», Астана), Кирилл Савицкий («Торпедо»), Евгений Рымарев («Югра», Ханты-Мантийск, Ресейя), Антон Сагадеев («Барыс»), Дмитрий Шевченко («Авангард», Омбы, Ресей), Әлихан Әсетов («Барыс»).

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button