Израиль авиациясы Газа секторын бомбылауды бастап кетті
ТЕЛЬ-АВИВ. 18 мамыр. Кеше дүйсенбі күні таңертең Израильдің әскери ұшақтары Газа қаласындағы бірнеше нүктеге ауыр соққылар жасады. Бұл туралы Associated Press хабарлады.
Агенттік хабарлағандай, Израиль әуе-қорғаныс күштерінің бұл жолғысы жанжал ушыққан кезден бергі ең кең ауқымды соққы болды. Нәтижесінде 12 палестиналық қаза тапты.
Израиль әскерилері ХАМАС-тың 9 командирінің Газадағы үйлеріне соққы жасалғанын айтты.
Жексенбі күні Израиль премьер-министрі Нетаньяху телеүндеумен шығып, дұшпандарға «толық қуатында» соққы берілетінін мәлімдеген еді.
Бұл аралықта ХАМАС сондай-ақ Газаның азаматтық аудандарынан ракеталар ұшырып, өз шабуылдарын жалғастырды. Олардың бірі еврейдің шавуот мейрамын тойлау рәсімімен өтетін кешкі ғибадатқа бірнеше сағат қалғанда, оңтүстіктегі Ашкелон қаласындағы синагогаға түсті.
Израильдің жаңа құрбандары туралы айтылып жатқан жоқ, бірақ ұрыс қимылдары басталғалы бері елдің 10 тұрғынының қаза тапқаны, олардың екеуі бала екені белгілі.
Жексенбі күні БҰҰ екі жақты да жанжалды тоқтатуға шақырды, ал ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш болып жатқан жағдайды «барынша сұмдық» деп атады.
Израиль мен палестиналықтар арасындағы жанжал XX ғасырдың ортасынан бері жалғасып келеді. Ол кең ауқымды араб-еврей шиеленісінің бір бөлігі болып табылады. Жанжал Британияның бұрынғы мандаты – Палестина жеріне екі топ адамдарының таласуларынан туындаған.