АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Арал өңірін тұқыртқан үстіне тұқырту қашанғы жалғасады?

«Тұран ойпаты - Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің Үндеуі

Редакцияға «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің Арал өңірі халқына, теңіз аттас аудан жұртына арнаған Үндеуі келіп түсті. Біз осы құжатты тиісті органдар мен оқырмандар назарына сол қалпында ұсынып отырмыз.

Құрметті аралдықтар, Арал өңірі – Тұран ойпатының халқы!

Экологиялық апат аймағы деп танылған Арал жұртының бүгінгі халі мүшкіл. Сырдария суы тобықтан келетін күйге түсіп, Солтүстік Арал теңізі тартылып кетер алдында тұр. Қамбаш және басқа кіші су көздері кеуіп бітуге жақын.

«Жұт – жеті ағайынды» дегендей, биыл жауын болмай, жер кеуіп, шөпсіз далада талай мал қырылуда. Арал даласы толған мал өлігі!

Бірі аштан құлап жатса, бірі шөлге шыдамай, тартылған су жағасындағы батпаққа батып өлуде.
Жер асты суы тартылып, құдық сулары кермек тартып, адам да, мал да ішуге жарамайтын жағдай туды.

Ол аз болғандай, Арал қаласында Қытайдың химиялық сода зауытын салып, жылына 3 000 000 тонна улы қалдық «шлам» шығарып, айналған Аралымыздың бүгінін ғана емес, болашағын да өлтірмекші.

Онсыз да ауру-сырқаудан арылмай келе жатқан халықты ашық химия уына тірідей көмбекші.
Аралдықтар неге мұндай күйге түсіп отыр?

Отызыншы жылдардағы аштықта қазақ қана қырылып, басқа республикалар аман отырған еді. Енді бір мемлекетте отырып, Арал халқы қырылуға жақын тұрғанда, басқа облыс халқы байлығын қайда тығарын, басшылары қайтіп масайрауды білмей, ақыр соңында шөл далада қала салып, теңіздің тамыры – Сырдарияны жолдан буып, «Венеция – су керуенін» салып шалқуда…

«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген осы! «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дейді қазақ тағы мұндайда.

Демек, бүгінгі Арал тағдырына ешкімнің жаны ашымайды. Үндістер секілді резервацияда қалған халық қана өзін-өзі алып шығуы керек.

Мұншама әділетсіздікке, қиянатқа кім кінәлі? Әрине, бүгінгі билік кінәлі! Сол биліктің шашпауын көтеріп отырған «Нұр Отан» партиясы кінәлі.

Өткен жылы ғана сайлау өткізіп, «халықты қарық қыламыз, жеңіске жеттік билеуші партиямыз» деп жариялады.

Сол «Нұр Отан» партиясы қайда қазір? Қайда жүр? Неге үнсіз, неге тілсіз? Ашынған халық ашу-ызаға булығуда, неге дереу шаралар қолданылмайды?

Арал аудандық «Нұр Отан» партиясы қайда, сайлауда сан уәдесін төккен праймеризге қатысушылар қайда? Ау, ел басына күн туды емес пе? Тығырықтар қалай шығу керек?

Олай болса, Арал өңірінің тұрғындары, осындағы «Нұр Отан» партиясы мүшелері, мынадай жағдайдан кейін жаппай партиялық билетті тапсырыңыздар!  Мүмкін сол жағдай ғана есін кіргізер мына биліктің.
«Нұр Отан» партиясы Аралға қолдауға келсін десек, дереу шаралар қабылдасын! Партияның аралдық әрбір мүшесі, билік партиясы мүшесі болғандықтан, Арал қасіреті үшін жауапты екенін ұмытпасын.

«Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button