Сыр бойының халқы мәселеге Президент араласуын күтіп отыр
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ашық хат
Редакцияға «Ардагер дауысы» қоғамдық ұйымынан Мемлекет басшысына арналған Ашық хат келіп түсті. Біз сол үндеудің бір сөзін өзгертпестен, сол түпнұсқа қалпында оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Мәртебелі Президент!
Әлемді жайлаған індеттен халқыңыздың жағдайына алаңдаулы екеніңізді түсінеміз.
Алайда, Арал теңізінің тартылып, миллиондаған гектар құрғаған табанының тұзды тозаңы мен Байқоңыр космодромының улы зардаптарын шегіп отырған экологиялық апат аймағындағы Сыр өңірінің халқы өткен жылдан бастап су тапшылығына ұшырап, елдің абыржып жатқан жағдайын осындағы халықтың атынан мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне тікелей жауапты басшы – Президентіміз, Сізге жеткізген едік. Біздің хатымызда нақты орын алып отырған проблемаларды көрші мемлекеттермен жоғары деңгейде келісімдер арқылы реттеуді қажет ететін ұсыныстарымызды, осы салаға жауапты министрліктің құрылымына, Қазақстанның су ресурстарын реттеу, пайдалану стратегиялы саясатында, ұлттық қауіпсіздігіміздің сақталуында ерекше орны бар факторларға назар аударуды өтінген болатынбыз. Өзіңіздің халықтың ойынан шығып, елең еткізуге арналған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген талабыңызды ескеріп, Сыр – Алаштың анасы болған облыстың тағдырына, елдің қиналған, шырылдаған үніне мән берілмей. Үкімет емес, жауапты министрлік емес, тіптен облыс әкімі де сыртта қалып, біздің арнайы Президентімізге жазған хатымызға жауап беруге өкілеттігі жоқ облыс әкімі орынбасарының бір айдан кейін жалтарма жауап беруін қалай түсінуге, қабылдауға, бағалауға болады?
Облыстың қазіргі жағдайынан хабардар боларсыз. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қайта-қайта облыстағы ахуалдың көтеріліп жатқанына қарамастан, өзіңізде де, Үкімет отырысында, Қауіпсіздік кеңесте Қызылорда облысының экономикалық, әлеуметтік жағдайының қаралмауын қалай түсінуге, бағалауға болады? Жауапты министрлік те, облыс билігі де халықтың, қоғамдық ұйымдардың тынымсыз көтеріп келе жатқан мәселесіне мән беріп, кездесіп, талқылап, жоғары деңгейде қаралауына нақты жұмыс жасаудың орнына, мәселемен айналысып жатқандай жасанды әрекеттерімен көпшілікке пікір туғызудан артық қимыл байқалмайды. Өңірдің проблемалық мәселелері бірінің үстіне бірі қосылып, күрделеніп барады. (Тұрмысы төмендегендер, жер дауы, т.б.). Сыр өңірі халқының, киелі топырағының, Қазақстанның алғашқы астанасы болған, түркі әлемінің піріне айналған Қорқыт бабамыз бен қазақ ұлтының ұлттық тәрбиесін тербетіп отырған Сыр бойының өзіңізге тілеулестер атынан біздің аймақтың хал-ахуалына мән беріп, алдында өзіңізге арнаған хатымызбен танысып, шара көруіңізді өтінеміз.
«Ардагерлер дауысы» қоғамдық ұйымы