Қызылордада футбол күнтізбе-анықтамалығы жарыққа шықты
Ол Қазақстанның биылғы мерекелік ХХХ чемпионатына арналып отыр
ҚЫЗЫЛОРДА. 14 мамыр. Қызылордада биылғы футбол маусымына арналған «Футбол-21» атты күнтізбе-анықтамалық баспа жүзінен жарыққа шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Күнтізбе-анықтамалықтың тілі қазақша.
Анықтамалық Қазақстанның биыл отызыншы мәрте жалауын көтеріп отырған мерекелік чемпионатына арналған. Футбол жанкүйерлері мен мамандары жинақтан премьер-лига командаларының құрамдарымен, ойындар күнтізбесімен таныса алады. Буклетте сондай-ақ премьер-лига және бірінші лига командаларының өткен жылғы маусымдағы қорытындылары да жарияланған. Еліміз құрама командасының ойындары жөнінде нақты мәліметтер берілген. Бұдан бөлек, жинақта әлем футболына қатысты бірқатар қызықты деректер де бар. Жалпы, кітапша мазмұнына 33 мақала мен хабар енгізілген.
Күнтізбе-анықтамалықтың көлемі 84 беттен, 4 суретті жапсырма беттен тұрады.
Жинақ Қызылордадағы «ASU» баспа үйі» баспаханасында басылып шыққан.
Футбол жанкүйерлері назарына!
Басқа қалалаларда тұратын оқырмандар күнтізбе-анықтамалықты тапсырыс беру жолымен алдыра алады. Бұл үшін «Каспи голд» картасындағы мына нөмірге тиісті соманы аудару керек: 8 705 533 33 59 (Лаура С). Карта № 5169 4971 9446 9320. Ал карта арқылы аудара алмайтындарға мынадай ИИН ұсынылады (880 607 402 391). Соңынан төлем жіберген кісілер жоғарыда көрсетілген телефон нөмірінің уацабына сол жөніндегі түбіртекті және толық мекенжайларын аты-жөндерімен бірге жазып жіберулері тиіс. Кітапша сол мәнзіл (адрес) бойынша салынып жіберіледі.
Жинақтың бір данасы 1000 теңге тұрады. Бұған «Қазпошта» бандероліне кететін соманы қоса есептегенде, ол 1360 теңгеге барады.
Біз төменде аталмыш футбол күнтізбесі-анықтамалығының беташар мақаласын оқырман назарына ұсынып отырмыз:
ТӨРЛЕТ, МЕРЕКЕЛІК ЧЕМПИОНАТ!
Кең байтақ өлкемізге жылдағыша көгілдір көктемнің келуімен бірге жыл құсындай желкілдеп, кезекті футбол маусымы да жетті. Биыл еліміздің мерекелі XXX футбол додасы өткізілгелі отыр. Өзінің бастауын сонау 1992 жылдан алатын ұлттық чемпионатымыз алғаш сөреден шыққан шақта өмірге келген ұрпақ бүгінде, – егер ол футболшы болса, – жасыл алаңның нағыз майталманы, тәжірибелі тарланы болып отыратын уақытқа да жеттік. Сол кезде дүние есігін ашқан ұлан осы кезде өзінің спортшылық мансабының соңғы лектерін жалғастырып жататын не оны аяқтап қоятын мезгіл келді.
Иә, отызыншы маусым деген аз мерзім емес. Осы аралықта Қазақстан футболы да дамудың белгілі бір деңгейлеріне көтерілді. Оған сөз жоқ. Қазір күллі әлемде футболдың өркендеуі өзінің шарықтау шегіне жеткендей әсер қалдырады. Осы күні қалай дегенде де, бұдан отыз жыл, қырық жыл, елу жыл бұрынғы футбол жоқ. Ол өте қатты өзгеріп кеткен. Қазіргі футболдың динамикасы мен қозғалысы, жылдамдығы мен шалттығы бұрын-соңды болмағандай дәрежеде. Футбол өзінің техникалық шеберлігі жағынан да өз шыңын шіреді.
Дегенмен, біздің әрбіріміздің жаңа футбол маусымы келгенде, одан күтетін өзіндік жаңалықтарымыз болады. Әрбір маусым – жаңа үміт дүниесі. Футбол маусымы деген тек ұлттық чемпионат қана емес, ол – құрама команданың әлем чемпионаты жолындағы іріктеу ойындары, клубтық деңгейдегі құрлықтық халықаралық турнирлер. Ол – құрама ұжымдар қатысуымен өтетін Ұлттар лигасы секілді жаһандық жарыс. Ол – құрама мәртебесіндегі әр алуан жолдастық кездесулер. Біз осының бәрінен үлкен жеңістерге жетпегенмен, отандық футболдың әрдайым абырой биігінен көрініп жүргенін қалаймыз.
ФИФА-ның 2020 жылғы желтоқсан айында таратқан рейтингісі бойынша Қазақстан 122-орынға табан тіреді. Ал кешегі кеңестік кеңістіктен шыққан елдер құрамалары ішінде терме жамағатымыз тек 11-орынға лайық екен. Біздің алдымызда Украина (24), Ресей (39), Өзбекстан (85), Беларусь (88), Грузия (89), Қырғызстан (96), Армения (99), Әзербайжан (109), Эстония (109), Тәжікстан (121) футболшылары тұр. Бізден кейінгі көш легінде Литва (124), Түрікменстан (132), Латвия (136), Молдова (177) елдерінің бас командалары келеді. Бұл жағдай, әлбетте, бізді ешқандай қанағаттандырмайды. Ал рейтингтің алғашқы ондығы сапын Бельгия, Франция, Бразилия, Англия, Португалия, Испания, Аргентина, Уругвай, Мексика және Италия құрамалары осы орналасқан реттерімен алып отыр.
Енді нақты өзіміздің ұлттық чемпионатымызға келсек, онда бізді шынымен елеулі жаңалықтар күтіп тұр. Атап айтқанда, биылғы маусымда 14 жасақ еліміздің чемпиондығы атағын сарапқа салатын болады. Бұл 2021 жылғы 12 қаңтар күні өткен Қазақстан Футбол федерациясы атқару комитетінің отырысында республика чемпионаты Премьер-лигасында ойнайтын командалар санын 12-ден 14-ке дейін ұлғайту жөнінде шешім қабылдануы нәтижесінде айғақталды. Осыған байланысты ҚФФ мен ҚКФЛ-ның регламент белгілеген құжаттарына тиісті өзгерістер енгізілді. Шешімнің әдепкі екі тармағында осы жәйттер қамтылды. Қалған екі тармағының алғашқысында ҚФФ-ның допинг мәселесіне қатысты ережесі бекітілсе, соңғысында 2021 жылдың 25 қаңтарынан 17 сәуіріне дейінгі аралық алғашқы трансферлік кезең болып жарияланды.
«Қазақстан чемпионатын сандық жағынан ұлғайту – жарысқа қатысушылармен бірге ойластырылған және келісілген қадам. Бұл мәселе бұдан бұрын осының алдындағы отырыс кезінде көтерілген болатын. Сосын ҚФФ президенті Әділбек Жақсыбеков жобаны ҚКФЛ-ның жалпы жиналысында талқылауды тапсырды. Ол осы екі жағдайда да өзінің қолдауын тапты. Мамандар турнирге қатысушылар санын ұлғайту ойындардың күнтізбесін икемді етіп құруды қамтамасыз етеді деп есептейді. Мұның қазіргі қиын жағдайда маңызы зор, ол кенет үзіліс болып жатса, жарысты белгіленген мерзімде аяқтап үлгеруге мүмкіндік береді. Қазақстан Olimpbet-чемпионатының құрамын толықтыру қатаң спорт принциптерін сақтау мен футбол клубтары сертификаттары ережелеріне сәйкес жүргізіледі», – деді отырыс өткен бойда Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин.
Оның айтуынша, регламентке енгізілген өзгерістерге сай, енді ойын өтетін стадион сол мерзімде дайын болмай қалса, бұған кінәлі команда жазаға тартылып, үш ұпайдан қағылады, ал ойын қарсыластар алаңына көшіріледі. Бұл жерде ең басты әңгіме кездесу өтуге тиісті футбол алаңдарының қанағаттанғысыз жағдайда болуына байланысты тәртіп бұзушылықтар жайында болып отыр. Сонымен қатар, жарысқа қатысушылар сертификат ережелерін сақтамағандары үшін қатаң жазаларға тартылып, санкцияларға ұшырайды.
Өткен чемпионаттың қорытындысы бойынша, соңғы орында қалған Көкшетаудың «Оқжетпесі» Премьер-лигамен қоштасты. Ал Павлодардың «Ертісі» 2-турдан кейін жарыс жолынан шығып қалуына байланысты, соның есебінен, Ақтаудың «Каспий» командасы жоғары эшалонда қала беретін болды. Сөйтіп, лигадан кеткен бір команданың орнына бірінші лигада озып шыққан «Ақтөбе» мен «Атырау» келді. Қалған тағы екі орынды Оралдың «Ақжайығы» мен Арыстың «Арыс» жасақтары алды. Бір айта кететіні, осы маусымнан бастап «Арыс» командасы атауын «Тұран» деп өзгертіп, чемпионатқа облыс орталығы – Түркістан қаласының футбол ұжымы ретінде қатысатын болып отыр.
Қазақстанның осыған дейін өткен 29 чемпионатында 7 команда еліміздің чемпионы атағын жеңіп алды. Олардың арасында 6 жыл қатарынан алтын жүлдегер атанған «Астана» көш басында тұр. Ол чемпиондықты 2014, 2015, 2016, 2017, 2018, 2019 жылдары еншіледі. Бұдан кейінгі екі орын 5 реттен мәреге бірінші болып жеткен Павлодардың «Ертісі» мен Ақтөбенің «Ақтөбе» клубтарына тиесілі. Соның ішінде павлодарлықтар 1993, 1997, 1999, 2002, 2003 жылдары еліміздің чемпионы атанып, екі дүркіндікке де, үш дүркіндікке де, төрт дүркіндікке де, бес дүркіндікке де бәрінен бұрын жеткен еді. «Ақтөбе» 2005, 2007, 2008, 2009, 2013 жылдары чемпион болып, қатарынан үш рет алтыннан алқа тағуды бастап берді. Ал соңынан павлодарлықтарға атақ саны жағынан теңесті. Өткен жылы Алматының «Қайраты» үш мәрте чемпион болу шебін бағындырды. Ол бұған дейін 1992, 2004 жылдары ең биік тұғырға көтерілген еді. Қарағандының «Шахтері» 2011 және 2012 жылдары қатарынан екі рет алтын жүлде алды. Сол сияқты «Тараз» (1996) бен «Тобыл» (2010) бір-бір реттен турнир кестесінде топ бастады.
Сөз орайында айта кететін тағы бір мәселе, биылдан бастап кәсіпқой футбол клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруға айтарлықтай шек қойылады. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың 1 қыркүйегі күні Парламент қос палатасының бірлескен отырысында жариялаған халыққа арнаған жолдауында айтылған тапсырмаларға байланысты жүзеге асуда. Онда мемлекет басшысы қазіргі қаржы тапшылығы жағдайында кәсіпқой спорт клубтарын толық мемлекеттің есебінен ұстап тұрудың ешқандай мағынасы жоқ екенін атап көрсеткен еді.
Сонымен, жаңа, отызыншы футбол маусымы да келіп жетті.
Біз сіздердің бәріңізді осы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз.