Қырғыз бен тәжік шекарасында жағдай тағы ушықты
БІШКЕК. 29 сәуір. Қырғызстанның тәжік жерімен шектесетін Баткен облысының аумағында тағы жағдай айтарлықтай ушығып жатыр. Бұл туралы 24.kg хабарлады.
Бүгін облыстың шекарадағы «Көк-Таш» айылында бірнеше үй отқа оранды. Елді мекен тұрғындары мұны жақын маңдағы тәжік қишлоқтарының адамдары жасады деп отыр.
Осы оқиғаға байланысты таңертең айылдан 400 адам басқа қауіпсіз жаққа көшірілген.
Бұдан басқа, «Ақ-Сай» ауылының да бір топ тұрғындары басқа жаққа әкетілген.
Облыс әкімшілігі зардап шеккендерді Баткен қаласының 4 мектебіне бөліп орналастырған.
Бұған дейін екі ел шекарасында атыс болғаны анықталды. Екі елдің шекарашылары бір-біріне оқ жаудырған. Душанбе жағы жанжалға «қырғыздар тарапының бұрын қол жеткізілген келісімді бұзып, су бөлуші бекетті басып алмақшы болғаны себепкерлік еткенін» алға тартады. Ал Бішкек бұған алдымен Тәжікстан ішкі істер әскерлерінің су ауласын минометтен атқылауы дүмпу бергенін айтады.
Не дегенде де, екі ел шекарасындағы ахуал қазір барынша шиеленісіп тұр. Соңғы сағаттарда Тәжікстан жағының іштен әскери күштер әкеле бастағаны байқалады.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасы 976 шақырымды құрайды. Соның 504 шақырымының ғана шекарасы нақты анықталған. Бір-бірлерінің жерлері аумақтарында екі елдің де анклавтары бар.