Польшада бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты басталды
ВАРШАВА. 15 сәуір. Поляктың Кельце қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Чемпионатқа әлемнің 52 елінен 2002-2003 жылдары туған 414 жас жігіт пен қыз қатысуда. Жігіттер де, қыздар да 10 салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарды сарапқа салады.
Әлемдік додаға тек Үндістан, Қазақстан, Ресей және Польша құрамалары ғана толық құрамда, яғни 20 боксшымен келді. Ал Украина командасында – 19, Өзбекстан командасында 18 былғары қолғап шебері бар.
Қазақстан жігіттер жастар құрамасының сапы мынадай: 49 кг – Санжар Тәшкенбай, 52 кг – Кенже Мұратұлы, 56 кг – Ерболат Сабыр, 60 кг – Елнұр Сүйінбай, 64 кг – Сабыржан Аққалықов, 69 кг – Нұржан Амангелді, 75 кг – Диас Молжігітов, 81 кг – Ерасыл Жақпеков, 91 кг – Мәди Әміров, +91 кг – Аманат Сабырғали.
Қазақстан қыздар құрамасының сапы мынадай: 48 кг – Арайлым Марат, 51 кг – Гүлнар Тұрарбай, 54 кг – Айшагүл Елеубаева, 57 кг – Назерке Серік, 60 кг – Жұлдыз Шаяхметова, 64 кг – Милана Аюпова, 69 кг – Жасмин Қизатова, 75 кг – Дана Дидай, 81 кг – Әсел Сағатова, +81 кг – Елдана Тәліпова.
Сәуірдің 12-сі күні онда жеребе тартылды. Ал келесі күні алғашқы іріктеу жекпе-жектері өтті. Осы күні қазақстандықтар сапынан 56 кг салмақтағы Ерболат Сабыр шаршы алаңға шығып, венгриялық Герго Ширазды 5:0 етіп ұтты.
14 сәуір күні біздің жерлестерімізден 4 боксшы рингке көтеріліп, барлығы да жеңіске жетті. Атап айтқанда, жігіттер арасында 52 кг салмақтағы Кенже Мұратұлы – шотландиялық Леннон Муллиганды, 91 кг салмақтағы Мәди Әміров итальян Лука Тистареллиді 5:0 есебімен тізе бүктірсе, қыздар арасынан 57 кг саалмақтағы Назерке Серік – моңғол Номин-Ердене Тугцгаргалды 5:0, ал 60 кг салмақтағы Жұлдыз Шаяхметова итальян Данелия Голиноны 4:1 есебімен еңсерді.