Кенесары ханның басы елге қайтарылатын шақ жақын
АЛМАТЫ. 7 сәуір. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегі табылғанын әлеуметтік желіде атап көрсетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
«Мен оның қалай табылғанын және қазіргі сақталып тұрған орнын егжей-тегжейлі айтып бере алмаймын, бұған кейбір формалдылықтар мен аздаған дипломатиялық шетін әрекеттер қажет, – деп жазды ғалым. – Ал инициатива Ресейдің қазіргі басшылығынан шығып отыр».
Зиябек Қабылдиновтің атап өткеніндей, ол Ресейдің мәдениет министрлігі тарапынан Кенесары ханның басын қайтару жөніндегі ресейлік сараптамалық комиссия құрамына шақыру алған. Ғалым бұған бірден өзінің келісімін беріпті.
Қабылдинов аталмыш бас сүйектің табылуы біздің ұлттық тарихымыз, сондай-ақ Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара достық қарым-қатынас тарихы жаңа кезеңінің басы болмақ екенін атап көрсетті.
Қабылдиновтің айтуынша, қазақтың соңғы ханының бас сүйегі мен жеке заттары, соның ішінде дулығасы мен мылтығы Қазақстанға қайта әкелінетін уақытқа санаулы апталар қалды. Бәлки, бұл Кенесарының туғанына 220 жыл толуы тойланатын шақтың қарсаңында, алдағы 9 мамырға дейін жүзеге асатын шығар.
Ғалым даңқты ханның өмір деректерінен бірқатар фактілер келтіреді. Мысалы, оған жауларының өзі «Көзсіз батыр» деген ат таңған екен. Ол сондай-ақ Кенесары армиясы сапында әртүрлі ұлттардың өкілдері болғанын баяндады. Ханның жеке хатшысы қашқын орыс солдаты Николай Губин болған, ал солдаттар Бедашов пен Малкин көтерілісшілер армиясының жекелеген жасақтарын басқарған.
2016 жылдың тамыз айында Кенесары ұрпақтарының бірі Радул Сидахметов сол кездегі ел президентіне хат жазып, бабасының бас сүйегін қайтартып әкелуге көмек беруін сұраған болатын. Бұл хат қоғамда сол кезде үлкен қозғау туғызды.
Бұдан көп жылдар алдын болгарлық көріпкел әжей Ванга қазақ елі тек Кенесарының бас сүйегі отанына қайтарылғаннан кейін гүлдену жолына түсетінін айтқан екен. Ол, әрине, тап Кенесары деп айтқан жоқ. Бірақ сөз етіп отырған адамы қазақтың соңғы ханы екені де сол кезде ешбір күмән туғызбайтын еді.
«Сен бақытты елде тұратын боласың, онда бәрі жақсы болады, – деген-ді Ванга әжей өзіне Ақтау қаласынан арнайы барған Евгений Черемушниковке. – Тек алдымен халқы үшін ертеректе соғыс салған бір буырқанысты билеушінің басын елге қайтару керек. Содан кейін сіздердің елдеріңіз гүлдену кезеңіне қадам басады».
Ванга әжей сонымен қатар «буырқанысты билеушінің» басы қайтарылғаннан кейін соған дейін елді билеп отырған адамның жағдайы бірден күрт нашарлай бастайтынын да жеткізген болатын.
Қазір Хан Кененің басы елге қайтарылуын ақыл-есі түзік бүкіл қазақ халқы қатты аңсап күтіп отыр.