Орынборда бір ұлт өкілдерін құртуға шақырған адам сотталды
ОРЫНБОР. 6 сәуір. Ресейдің Орынбор облысының тұрғыны көпшілікті экстремизм әрекетіне шақырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы «Национальный акцент» хабарлады.
Облыстың Новосор аудандық соты Ресейде тұратын халықтар өкілдерінің бірін елдің аумағынан түре қуып шығып, жойып жіберуге шақырғаны үшін айыпталған жауапкердің ісін қарады.
Сот қаулысында мұны көтерген ер кісінің «ВКонтектедегі» парақшасына экстремистік сарындағы материалдарды орналастырғаны атап көрсетілді. Ол әлеуметтік желіде Ресейде тұратын ұлттардың бірін елдің территориясынан шығарып жіберіп, біржола құртуға шақырған.
БАҚ-тардың анықтағанындай, әңгіменің өзегі еврей нәсілі турасында болып отыр екен. Сот лингвистикалық сараптаманың қорытындысын зерттеп, куәларды тергей келіп, осыны жасаған ер кісіні айыпты деп тапты.
Судья Орынбор облысының тұрғынына бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Осы уақытта ол электронды немесе ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып, сайттарға әкімгершілік жасау құқынан айырылады. Ал жазаны отырықшы-колонияда тұру жолымен өтейді.
Үкім өзінің заңды күшіне енді.