Түрікменстан мемлекеттік дүкендерінен нан жоғалып кетті
АШХАБАД. 2 сәуір. Түрікменстанның Марый және Лебап велаяттарындағы мемлекеттік азық-түлік дүкендері сөрелерінде біраздан бері нан өнімдері сатылып жатқан жоқ. Бұл туралы «Хроника Туркменистана» хабарлады.
Елдің тәуелсіз ақпарат құралдарының жазуларынша, Марый облысындағы бірқатар мемлекеттік дүкендерде ырықты бағадағы арзан нандардың жоғалып кеткеніне айдан аса уақыт өткен. Соның ішінде Байрамали қаласындағы мемлекеттік дүкендерде бір айдан астам мерзімнен бері нан болмаған.
Елдегі мемлекеттік магазиндерде бір бөлке нан 1 манат (122, 02 теңге) тұрады. Ал жекеменшік дүкендерде ол 5-6 манаттан сатылады, қазір тіпті 8-9 манатқа дейін барып отыр.
Жекеменшік сауда нүктелерінде ұнның бағасы да қымбаттап кетті. Мұнда бір ай бұрын бір қап ұн 400 манат тұрған болса, ол қазір 600 манатқа жетті. Мұның бәрі сырттан тасылатын ұнды шекарадан өткізерде полиция бекетіндегілердің пара алатындарынан болып отыр.