Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Қазақстан армиясы Ресеймен соғысқа дайындалып жатқан жоқ

АСТАНА. 25 сәуір. Қазақстан Қорғаныс министрлігі Ресеймен соғысқа дайындық жүріп жатқаны жөніндегі қауесетті жоққа шығарды. Бұл туралы kun.uz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Қазақстанның «Территориялық қорғаныс туралы» заң жобасын талқылап жатқан шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Ведомство оның антиресейлік бағытта жасалып жатқанын жоққа шығарды және Ресеймен соғысқа дайындалу жайындағы ақпардың шындыққа жанаспайтынын баяндады.

Мәлімдемеде заң жобасының мақсаты сыртқы қауіп-қатерге қарсы тұра білуге емес, елдің ішкі қауіпсіздігін нығайтуға арналғаны атап көрсетілген.

Құжат ұлттық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту шеңберінде талданып қабылданады және тұрғындарды, инфрақұрылымдар нысандары мен Қазақстанның территориялық тұтастығын қорғауға бағытталады.

Мұның алдында Ulysmedia.kz ресурсы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовпен кездесіп, Қазақстан армиясының қорғанысқа қаншалықты дайын екені жөнінде сұрақ қойған еді.

«Біз сарбазбыз. Біз өз мемлекетімізді қандай жағдай болмасын қорғауымыз керек! Иә, қазіргі жағдайды көріп отырмыз. Қарулы күштердің даярлық деңгейін мен Жоғарғы бас қолбасшының тапсырмасымен тексердім. Өзіңіз білетіндей, өткенде ғана біз «Батыл тойтарыс» деген оқу-жаттығу жиындарын аяқтадық. Қазір талдау жүргізіп жатырмыз. Қазақстан халқы ештеңеге алаңдамай-ақ қойсын. Иә, проблемалар бар. Олар бірақ шешіліп жатыр», – деді министр.

Оның айтуынша, әскери салада жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Жее құрамда оқу-жаттығу жұмыстары өтеді.

«Әскери мүмкіндіктерді арттырып, материалдық-техникалық қамту жағынан да шаралар қабылданады. Бұл жерде кеудемді тоқпақтағым келмейді. Қазақстанның Қарулы күштері басқа да әскери құрылымдар секілді Конституциялық құрылым мен аумақтық тұтастықты қорғау міндетін орындайды», – деді ол.

Мерзімді әскери қызметтің уақыты бір жылдан екі жылға ұзаруы мүмкін бе деген сұраққа министр былайша жауап берді.

«Оны жүзеге асыру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу керек болады. Алдымен мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарды әлеуметтік тұрғыда қамсыздандыру мәселесін шешіп алайық. Содан кейін осы проблеманы реттегеннен кейін басқа да мәселелерді қараймыз», – деді ол.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button