«Странджа» турнирінде қазақ боксшылары 6 медаль алды
ВАРНА. 28 ақпан. Кеше түнде Болгарияда бокстан «Странджа» халықаралық турнирі мәреге жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Осы жолы 72-ші рет өткізіліп отырған дүбірлі додаға әлемнің 35 елінен 300-ге жуық спортшы қатысты.
Турнирге қатысқан қазақ былғары қолғап шеберлері әртүрлі деңгейдегі 6 медальге қол жеткізді.
Алдымен әйелдер арасындағы финалдық шайқастар болып өтті. Онда біздің командадан үш боксшы алтын медальды сарапқа салды.
Рингке бірінші болып 51 килоға дейінгі салмақтағы біздің боксшы Ангелина Лукас пен болгар Стойка Крастева шықты. Екі жақтың алма-кезек шабуылымен өткен ұрыста алаң иелері ақыры өзінің басымдығын танытты – 5:0. Осылайша Ангелинаға бұйырғаны күміс медаль болды. Келесі, 57 килоға дейінгі салмақта да болгар қызының жұлдызы жанды. Онда Станимира Петкова ресейлік Карина Тазабекованы 4:1 есебімен тізе бүктірді. Ал 60 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде бразилиялық Беатрис Феррейра фин Мира Петконенді 5:0 етіп ұтты. Міне, осы фин қызы жартылай финалда біздің Карина Ибрагимованы жолдан тайдырып еді. Сөйтіп, Карина қола медальді қанағат тұтып қалған болатын.
Содан кейін 69 кг салмақта қазақстандық Валентина Хальзова қарсыласы – украин қызы Анна Лысенко жарақаттанып қалуына байланысты шаршы алаңға шыға алмағандықтан, алтын медальға талассыз қол жеткізді. Соңғы финалдық жекпе-жек те біздің бір қыздың қатысуымен өтті. Енді 75 кг салмақтағы Надежда Рябец АҚШ боксшысы Наоми Грэхэммен қолғап түйістірді. Аса тартыспен өткен шайқастың соңында қапталдағы төрешілер жеңісті 3:2 есебімен америкалық қыздың пайдасына шешіп берді.
Жігіттер арасындағы жекпе-жек те аса тартысты өтті. Бірінші болып болгар Даниель Асенов пен үндістандық Динар Комар шайқасты. Нәтижесінде алаң иесі 3:2 есебімен артық көрінді. 57 кг салмақта да болгарлар алтын медаль алды. Атап айтқанда, натуралды болгар – Хавьер Ибанес молдован Дорин Бурчаны 5:0 етіп жеңді. Ал 63 кг салмақта ресейлік Илья Попов келесі молдован – Александр Параскивті 4:1 етіп сүріндірді.
69 килоға дейінгі салмақта өзбек Бобо-Усмон Ботуров украиналық Евгений Барабановтан басым түсті – 5:0. Содан кейінгі 75 кг салмақта ресейлік Павел Сосулинмен шайқасуға тиісті украин Александр Хижняк алтын медальды ұрыссыз алды. 81 кг салмақта өзбек Дилшодбек Рузметов ресейлік Руслан Колесниковті 5:0 етіп ұтты. 91 кг салмақта болгар Радослав Пантелеев армян Нарек Манасяннан айласын асыра білді – 4:0. Соңынан 91 килодан ауыр салмақта өзбек Баходир Жалолов украиналық Цотне Погаваны 4:1 есебімен ұтып шықты.
Қазақстанның ерлер құрамасы сапынан Нұрқанат Райыс 57 кг салмақта, Бибарыс Жексен 75 кг салмақта қола медальдар алды.
Суретте (ортада): Валентина Хальзова.