Өзбекстан президентінің кіші күйеу баласы апатқа ұшырады
ТАШКЕНТ. 16 ақпан. Өзбекстан президентінің кіші күйеу баласы Отабек Умаров жол-көлік апатына ұшырап, ауруханаға түсті. Бұл туралы «Озодлик» радио станциясы хабарлады.
«Шавкат Мирзиёевтің кіші күйеу баласы әрі мемлекет басшысы қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары 36 жастағы Отабек Умаров 13 ақпан күні шамамен 18:00 сағат кезінде Ташкенттің орталығында жол-көлік оқиғасына ұшырады», – делінген хабарламада.
Президент күйеу баласының апатқа ұрынуы Ташкенттегі «президент трассасы» деп аталатын көшенің бойында орын алған.
Мәнбелердің дерек берулерінше, қатты жылдамдықпен келе жатқан мотоциклдің айдаушысы қарсы келіп қалған жеңіл көлікпен соқтығысып қалмау жағын ойлап, көлігін кілт солға қарай бұрып жіберуге мәжбүр болған. Соның нәтижесінде тізгінге ие бола алмай, жол жиегіндегі бордюрге барып соққан. Бірақ жүргізуші аман қалған.
Үкіметтегі бір шенеуніктің айтуынша, мотоциклде отырған Отабек Умаров болып шықты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ол аяғын жарақаттап алған.
Алайда, 14 ақпан күні Отабек Умаровқа жақын бір мәнбе кіші күйеу баланың жағдайы «аздап қолайсыз» болып тұрғанын жеткізді.
Бір-бірлеріне қатыстары жоқ келесі мәнбелер президент күйеу баласының 13 ақпан күні орын алған апаттан кейін дереу ауруханаға жатқызылғанын баяндайды. Ол астанадағы №16 емханаға жатқызылған. Осында Отабекке ота жасалған. Осындағы мәнбе «пациенттің алты сағаттық операцияны бастан кешкенін» мәлімдеді. Ал президент отбасына жақын тағы бір мәнбе Отабектің аяғы үш жерден сынып кеткенін жеткізіп отыр.
Отабек Умаров 14 ақпан күні өз-өзіне келіп туыстарымен сөйлескен.
Осы мезгілде flightaware.com сайты оқиға орын алған бойда Германиядан бір жеке ұшақтың Ташкентке дәрігерлер алып келгенін баяндайды.