Қазақ қызы Динара Әлімбекова Әлем кубогы кезеңін ұтты
МИНСК. 12 желтоқсан. Беларусь биатлон құрамасының ұлты қазақ мүшесі Динара Әлімбекова Әлем кубогының кезекті кезеңінде бірінші орын алды. Бұл туралы «Прессбол» хабарлады.
«Беларусь биатлоншысы Динара Әлімбекова Австрияның Хохфильцен қаласында өткен Әлем кубогының спинтерлік жарыс кезеңінде алтын медаль жеңіп алды», – делінген белорустың Naviny.bu порталының хабарламасында.
24 жастағы Динара Әлімбекова осылайша өзінің биатлоншылық мансабында бірінші рет жеке жеңіске жетіп отыр. Ол 2018 жылы жеңіп алған Олимпиада чемпиондығы атағына командалық жарыста қол жеткізген. Ал биылғы маусымда қатысқан жарыстарының бәрінде алғашқы сегіздік құрамынан табылған.
Бұл жолы екі атыс нүктесінен де ешбір мүлт кетпей, атқан оқтарын нысанаға дәл тигізді. Екінші орын алған норвег қызы Тириль Экхофф одан 8,5 секунд кейін келіп, бір рет нысанаға тигізе алмай қалды. Үшінші орындағы неміс қызы Франциска Пройсс та бір рет мүтлт кетіп, 9,9 секундқа артта қалды.
Динара Талғатқызы Әлімбекова 1996 жылы 5 қаңтарда Қарағанды облысының Абай қаласында туған. Әкесі – қазақ, анасы – белорус қызы. Динараның 3 жасында отбасы Беларуське көшіп барған. Қазір Евгений деген інісі, Ульяна деген сіңлісі бар. 2008 жылдан бері биатлонмен шұғылданып келеді. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, Олимпиялық ойындардың чемпионы. Беларусьтің еңбек сіңірген спорт шебері.
Әйелдер. Спринт. 7,5 км
1. Д.Әлімбекова (Беларусь) 20.12,3 (0-0)
2. Т.Экхофф (Норвегия) +8,5 (1-0)
3. Ф.Пройсс (Германия) +9,9 (0-1)
4. М.Рэйселанд (Норвегия) +16,9 (0-1)
5. М.Давидова (Чехия) +19,4 (0-1)
6. Ж.Симон (Франция) +20,1 (1-1)
7. Л.Витоцци (Италия) +22,3 (0-0)
8. Д.Вирер (Италия) +25,6 (0-1)
9. Л.Т.Хаузер (Австрия) +34,1 (1-0)
10. К.Иган (АҚШ) +35,7 (1-0)