Иранда порталдың жетекшісі дарға асып өлтірілді
ТЕГЕРАН. 12 желтоқсан. Иранда тарайтын Amad.news жаңалықтар порталының жетекшісі Рухолла Зам дарға асу арқылы өлтірілді. Бұл туралы «НТВ» телеарнасы хабарлады.
Иран Республикасы ақпарат агенттігінің (IRNA) мәліметінше, Рухолла Зам Amad.news атты оппозициялық жаңалықтар порталының жетекшісі болған.
БАҚ-тардың хабарлауынша, журналист соңғы жылдары Парижде тұрып келіпті. Сондықтан оның қандай жолмен қолға түсіріліп, парсы жеріне жеткізілгені белгісіз. Бірақ 2019 жылғы 14 қазанда Ислам революциясы корпусының Рухолла Замды ұстағаны туралы хабар тараған.
Мұның алдында блогерге елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне қарсы әрекеттер жасады деген айып тағылған. Атап айтқанда, Telegram-да Amad.news деген арна ашып, ел туралы жалған хабарлар таратты, сондай-ақ АҚШ-тың, Францияның және Израильдің пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталған.
Замның 2017 жылы желтоқсанда басталып, 2018 жылғы қаңтарға дейін жалғасқан қарсылық қозғалысы туралы ақпар жариялап тұрғаны белгілі.
Рухолла Замның өлім жазасы алты рет өткен сот отырысынан кейін бекітілді.
Үкім бүгін сотталушыны дарға асып өлтіру арқылы орындалды.