Жыршы Күнсұлу Түрікпен – «Дарын» сыйлығының лауреаты
АСТАНА. 24 қараша. «Қызылорда облыстық филармониясы» КМК әртісі Күнсұлу Түрікпенқызы Түрікпен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бүгін Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының 2020 жылғы иегерлерінің есімдері анықталды. Сыйлық жас дарын иелеріне әдеттегідей жемісті ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметтері мен жоғары спорттық жетістіктері үшін берілді.
Олардың арасында «Халық шығармашылығы» аталымы бойынша озық деп бағаланған қызылордалық белгілі жас жыршы да бар.
Сыр сүлейлері даңқты мектебінің талантты тәлімгері Күнсұлу Түрікпен – кәсіби жыршы, термеші. Бұған дейін Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығының иегері атанған. Өнертану ғылымдарының магистрі. Ол 2010-2014 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқып, «Дәстүрлі жыр» мамандығы бойынша диплом алып шыққан. Ал 2015-2017 жылдары Қазақ Ұлттық өнер университетінде білім алуын жалғастырып, «Өнертану» ғылымдарының магистрі дәрежесіне жеткен.
Жас жыршы 2018 жылы Халықаралық «Мен қазақпын» мега жобасының «Терме» байқауы мен республикалық «Текті сөздің төресі – терме» жыршы-термешілер конкурсында Гран-приге ие болған, 2019 жылы республикалық «Тәуелсіздік толғауы» үздік шығармалар байқауында екінші, Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 175 жылдығына арналған «Мұхиттан қалмыш теңіз жыр» атты республикалық жыршылар байқауында үшінші орындарды алған.
Осы жылдарда Ұлыбритания, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан елдерінде өнер көрсетіп, қазақтың жыршылық дәстүрін насихаттауға үлкен үлес қосқан. Оның репертуарына қазақтың ақын-жырауларының 200-ге тарта жыр-термелері, «Көрұғлы», «Қарасай- Қази», «Орақ, Мамай» эпостық жыр-дастандары берік енген. Сондықтан осынша мол дүниені жас талант екі тәулік бойы тоқтамай айта алатындай биік белеске дейін көтерілген.
Аталмыш номинация бойынша сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» РМК-ның солисі Мұқият Асқар да марапатталды. Қалған лауреаттар қатарын «Эстрада» аталымында Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Дәрия Оңалғазықызы Болсанбек пен Бексұлтан Талғатұлы Кенішқалиев, «Классикалық музыка» адайлығында Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Қалқаман Бағдатұлы Дүйсембаев пен осы оқу орнының студенті Жібек Қанатқызы Мүсірғалиева секілді таланттар толықтырды.
Сол сияқты «Әдебиет» нәмізаттығы бойынша «Әдебиет порталы» интернет-жобасының қызметкері Арман Манарбекұлы Шеризатов үздіктер легінен көрінді. «Театр және кино» номинациясы арқылы Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Әбілмансұр Әбдінасырұлы Серіков пен Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актері Жасқайрат Сәбитұлы Валиуллиев жеңімпаз атанды.
Ал «Спорт» аталымында Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің фристайл жөніндегі нұсқаушы-спортшысы Юлия Евгеньевна Галышева мен жеңіл атлетика және пауэрлифтингтен паралимпиадалық спортшы, «TSG contruction» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімі инженерінің көмекшісі Жігер Мәлікұлы Кенжеғалиев тартуға ие болды. Бұдан әрі «Дизайн және бейнелеу өнері» номинациясы бойынша зергер, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Ардақ Отанғалиұлы Әбішев пен «Zeken Moda» ЖШС бас дизайнері Ақбота Жолдасбекқызы Тоқтасынова ұлықталды.
«Журналистика» номинациясының үздіктері болып «Хабар» агенттігі« АҚ «Хабар 24« телеарнасының қызметкері Рауан Ерұзақұлы Мыңбаев пен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының жетекші редакторы Әсем Бақытқызы Сартбаева аталды.
«Дарын» сыйлығының келесі иегерлері қатарынан «Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы «»Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Александрович Споткай мен «Қазақстан жастарының конгресі» қауымдастығы ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Коммунарұлы Болысов да көрінді.«Ғылым» аталымының жүлдесін Білім және ғылым министрлігі «М.Ә. Айтқожин атындағы молекулярлық биология және биохимия институты» ШЖҚ РМК ғылыми қызметкері Жүсіпбек Еркінұлы Мұқатаев пен «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының докторанты Әсем Нұржанқызы Әшімова еншіледі.
Жүлде құтты болсын, жеңімпаздар!