Аты аңызға айналған Диего Марадона өмірден өтті
БУЭНОС-АЙРЕС. 25 қараша. Бүгін аты аңызға айналған аргентиналық футболшы Диего Армандо Марадона 60 жастан енді асқан шағында бақиға аттанды. Бұл туралы «Советский спорт» газеті хабарлады.
Аргентина құрама командасының бұрынғы капитаны және бас жаттықтырушысы Диего Марадонаның жүрегі соғуын мәңгілік тоқтатты. Даңқы жер жарған футбол жұлдызы жалған дүниемен қош айтысты. Оның 60 жасқа толғанына әлі бір ай да болмаған еді.
Диего 1960 жылы 30 қазанда Аргентинаның Ланус қаласында туған. Талантты форвард 15 жасында «Бока Хуниорс» клубына қабылданды. Онда 7 жыл ойнаған соң 1982 жылы Испанияның «Барселонасына» ауысты. Форвард бұл команда сапында Испания Кубогын, Лига Кубогын және елдің Суперкубогын жеңіп алды.
Марадонаның клубтық дәрежедегі мансабында мейлінше сәтті шыққаны итальянның «Наполи» командасы болды. Диего 1984-1991 жылдары осы сицилиялық жамағаттың намысын қорғады. Сол уақытта неапольдықтармен бірге УЕФА Кубогын бр мәрте (1988/89), Италия чемпионатын екі рет (1986/87, 1989/90), елдің Кубогы (1986/87) мен Суперкубогын бір дүркіннен (1990) ұтты.
Диего Марадона 1986 жылы Аргентина құрамасы сапында әлем чемпионы болып, турнирдің үздік ойыншысы да атанды. Осы чемпионат кезінде оның қолымен демеп гол соғып, мұны «Құдайдың қолы» дейтіні де тарихта қалды. Бұдан 4 жыл өткеннен кейін футболшы өз командасымен бірге жаһандық жарыстың күміс медаліне де қол жеткізді.
Диего Армандо ФИФА-ның сауалдамасы бойынша 53,6 % дауыс жинап, XX ғасырдың ең үздік футболшысы деген атақты да еншіледі.
Өкінішке орай, есірткіге ертерек әуес болған ұлы аргентиналықтың өмірінде көлеңкелі жақтар көп болды. Ол бұған «Барселонада» жүрген кезінде-ақ әуейілік танытыпты. 1994 жылы Аргентина құрамасының шабуылшысы АҚШ-та өткен мундиальда Грекия қақпасына бір гол салумен шектелді. Осыдан кейін оның қанынан тыйым салынған заттар табылып, чемпионаттан қуылды.
Ойыншылық мансабын 1997 жылы аяқтаған Марадона бірден жаттықтырушы болуға көшті. Ол 2008-2010 жылдары Аргентина құрамасына да басшылық жасады. Оның қол астындағы команда 2010 жылы Африкада өткен әлем чемпионатында 1/4 финалға дейін барып, Германия терме жасағынан 0:4 есебімен жеңіліп қалды.
Марадонаның кезінде Куба лидері Фидель Кастромен өте жақын қарым-қатынаста, жас айырмасына қарамай, үлкен достық сипатында болғаны да белгілі. Ол бірнеше рет Бостандық аралына барып, досының көмегімен есірткіге тәуелділіктен емделді. Соңғы рет Фидель қайтыс болардан аз ғана бұрын барып қайтты.
Биылғы қараша айының басында Аргентина БАҚ-тары Марадонаның миына қан құйылып кетіп, емделіп жатқанын хабарлаған болатын. Содан оңалмаған атақты футболшы бүгін жантәсілім етті.
Алла алдынан жарылқасын…
Онымен бірге футболдың өзіндік бір дәуірі көшіп бара жатқан сияқты…