Қызылорда өңірінде үш жылда 265 жоба жүзеге асырылады
ҚЫЗЫЛОРДА. 24 қараша. Қызылорда облысында 2023 жылға дейін 265 жоба іске қосылады. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Өңірде жақында 2023 жылға дейінгі «Экономикалық даму картасы» әзірленіп бітті. Оның шеңберінде экономиканың түрлі салаларында 271 млрд теңгені құрайтын 265 жоба қолға алынбақшы. Бұл өз кезегінде 4 600 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биылғы жылы 26 млрд теңге көлеміндегі 110 жоба жүзеге асырылып жатыр. Осының арқасында 2 мың азамат жұмысқа қамтылатын болады.
«Аймақта төрт түлік малдың етін, сүтін, жүнін кәдеге асырып, оны қайта өңдеу бизнесі жолға қойылып келеді Сонымен қатар, біздің өңірде 25 644 көп балалы ана бар. Оларды да бизнеске тартып жатырмыз. «Еңбек» бағдарламасы арқылы аналардың бизнес идеяларын жүзеге асыру мақсатында 602 көп балалы анаға грант бердік», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнымен қоса, ерлер жейделерін тігумен айналысатын «Далатекс» ЖШС-мен бірлескен маңызды жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, «Еңбек» бағдарламасы аясында 123 әйел тігін шеберлігіне оқытылуда. Оларға тігін машиналары мен басқа да жабдықтар сатып алуға 555 мың теңгеден гранттар беріледі. Мұнда оқып шыққан азаматшалар жеке кәсіп ашып, аталған компаниямен келісімшартқа қол қойып, үйде жұмыс істей алады.