Белгілі актер Армен Джигарханян қайтыс болды
МӘСКЕУ. 14 қараша. Белгілі кеңес-орыс актері, КСРО халық әртісі Армен Джигарханян 85 жасында қайтыс болды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Танымал өнер тұлғасы биылғы 3 қазан күні 85 жасқа толған еді.
«Ол бүгін сағат таңғы алтыда қайтыс болды», – деп баяндады актердің досы әрі ресми өкілі Артур Согомонян. «Интерфаксқа» берген сұхбатында ол әртістің өліміне жасы мен ауруы негізгі себепші болғанын айтты. Оның жүрегі кенет тоқтап қалған.
Армен Борисович Джигарханян 1935 жылы Ереванда туған. Ол тифлистік ежелгі ақсүйек армяндар кастасынан шыққан. 1958 жылы Ереван көркем-театр институтын бітірген. Алдымен Еревандағы К.С. Станиславский атындағы орыс драма театрында қызмет етті. Бұдан кейін, 1967 жылы атақты режиссер Анатолий Эфростың шақыруымен Мәскеудегі Ленин комсомолы атындағы театрға ауысып келеді, сосын Маяковский атындағы Мәскеу драма театрында ойнады.
1996 жылы Джигарханян өзінің жеке театрының негізін қалады. Оның негізгі тобын әртістің ВГИК-тегі тобын бітіргендер құрады.
Әкесі – Борис Амаякович Джигарханян, анасы – Елена Васильевна. Әкесі Арменнің туғанынан бір ай толған кезде отбасын тастап кетіп қалған. Баланы кейін анасы қосылған өгей әкесі өсіреді. Екеуінің арасы өте жақсы болған. Өз туған әкесімен кейін ержеткен кезінде әжесіне барған кезінде танысады. Бірақ екеуі жақындасып кетпеген, бұдан кейін араласпаған. Тек әкесі өлер кезінде ұлын көргісі келетінін айтып шақырған.
Болашақ ұлы актер бала жасынан театрға жақын болған. Себебі, министрлер кабинетінде қызмет істеген анасы театрға қатты табынған. Соны көріп өскен Армен мектеп театрында ойнаған. 1953 жылы Мәскеуге ГИТИС-ке оқуға келіп, түсе алмай қайтқан. Сосын Ереван театрына жұмысқа орналасып, оператордың көмекшісі болып істеген. Бір жылдан кейін Ереван театр институтына оқуға түскен.
Армен кішкентайынан орыс тілді болып өскен. Мектепті де, театр институтында орысша оқыған. Өмірінде үш рет үйленген. Үшеуінде әйелдері славян нәсілді болған. Бұлардың соңғысымен арада бұдан аздаған уақыт бұрын қандай жанжал болғанын оқырман қауым жақсы біледі.
Актер кинода да өзін жақсы танытты. Ол бұл салада алғаш рет 1960 жылы көрінді. Осы кезге дейін 200-ден астам фильмге түсті. Солардың арасындағы мейлінше танымалдары «Саламатсыз ба, бұл менмін!», «Ширли-мирли», «Ұстатпайтын кекшілдердің жаңа оқиғалары», «Шөп қорыған ит», «Тегеран-1943» ленталары мен «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» сериалы болды.