Пандемия – парасат-пайым таразысы
Коронавирус пандемиясынан онымен саналы түрде күресе білгендердің ғана көп шығынсыз шығатынын бүгінде бүкіл әлем біліп қалды. Бұл шынында әркімнің парасаты мен пайымының өлшемінен туатын жауапкершілікке қатысты науқан екен. Бұл туралы бізге Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев әңгімелеп берді.
– Серік Әбішұлы, жақында өткен облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісінде осы ковид19 пандемиясына қарсы күрес туралы да мәселе қарапсыздар…
– Ол рас. Қарауға тура келді. Шыны керек, бұл пандемияның қауіптілігі мен қатерін әлі қаперіне алмай жүрген жерлестеріміз баршылық. Ал індеттің екінші толқыны әне-міне дегенше келіп қалатын түрі бар. Бұған соңғы кездері коронавирус инфекциясын жұқытып алушылардың қатары көбейіп келе жатқаны айғақ. Қазақ «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. Немесе «Сақтансаң – сақтаймын» деген бар. Құдайдың сөзі. Біздің ұғымымызда. Шынында өзі сақтанбаған адамды сақтап қалудың өзі оншалықты қисынға келмейді.
– Сіздердің мұндай жиын өткізулеріңізге осы жағдайлар себеп болды ма?
– Ол да бар. Сонымен бірге, не нәрсенің де алдын алған жөн ғой деп ойлаймын. Біз жай қарай салған жоқпыз, онда қаралған шешімді аудандардағы кеңестерімізге талқылауға жолдадық.
Енді өзіңіз қараңыз. Биылғы көктемнен бері бүкіл дүние жүзін дүрліктірген коронавирус пандемияға қарсы күрестің нәтижелі болмағы әрбір адамның ақыл-парасатына қатысты нәрсе екені белгілі болып қалды. Іріген індеттің шынымен қатерлі екенін түсініп, оны жұқтырып алмауға айрықша мән беріп жүргендер бұл кеселді жеңіп шыға алады екен де, бұл тірлікке жүрдім-бардым қарайтын жандар сыздамалы сырқаттың қақпанына оңай түсіп қалатын болып шықты. Сондықтан бұл аурумен күрес әр адамның парасаты деңгейін көрсетеді деуге толық негіз бар.
– Иә, көктемде қамсыздық танытып алғанымыз шындық қой.
– Мен де соны айтып жүрмін. Осы жерде менің есіме сол кезде Италияда тұрып жатқан орыстардың, қазақтар мен шешендердің уацап арқылы видеожазбалар жіберіп, оларда Аппенин түбегінде тұратын титулды ұлт өкілдерінің ковидке мән бермей, мүлде жайбарақат жүргендерін айтып, жылағандай болып тұрып, дабыл қағылып еді. Мұның соңы не болды, итальяндар көп ұзамай өздерінің осы дарақылықтарының зардабын қатты тартты. Елде қаншама адам қарап болды, біразға дейін жұрт еңсесін жия алмай жүрді.
Мен осы жағдайды біздің де ептеп бастан кешкенімізді айта кеткім келеді. Біз де мамыр айының шамасында коронавирус инфекциясының тарауы жөнінен республикада алғашқы екі мегаполистен кейінгі үшінші орынға шыға келдік. Қазір, шүкір, бұл жөнінен еліміздегі індеті ең аз аймаққа айналып отырмыз. Бірақ, байқаймын, осы көрсеткішіміз біздегі біраз адамды енжарлыққа салдырып жіберген сияқты. Бұған дәлел көп. Көшеде, қоғамдық орындар мен көліктерде бетпердесіз жүрген жарандарды бәріміз де күнделікті көріп жүрміз. Мұны аз десеңіз, жасырып той өткізетіндердің деректері жиі шыға бастады. Бұл баяғы Қожанасырдың «Алдадым, құдай, алдадым» дегені сияқты нәрсе екенін сол тығылып той өткізетіндер түсінер ме екен?! Осы арқылы бұлар тек өздерінің ғана емес, сол тойханаға жасырын жиналған жұрттың бәрінің өмірлерін сынаққа салып қоятынын қалай ұқпайды?
Тарихтың терең қойнауына көз жүгіртіп, қарап отырсақ, күллі жер-жаһанды жайлаған, әлденеше жүздеген, тіпті миллиондаған адамның өмірлерін жұлып кеткен індеттер аз болмағанын байқаймыз. Алайда, қазіргі пандемия солардың бәрінен де қатерлі болып тұр. Себебі, бұрынғы ғасырларда орын алған кезінде медицина әлі олармен күресуге қауқарсыз еді. Ал қазір адамзат баласы өз өркениетінің шыңына жетіп, ем-дом шараларын барынша жетілдірген шамада отыр. Олай болса, бұл тұста қайыру беруі қиынға түсіп отырған эпидемияның қатері бұрынғылардан әлдеқайда қатерлі. Сондығынан да шығар, осы күні бірқатар саясаткерлер мен сарапшылар әлемдегі қазіргі оқиғалар туралы сөз еткенде, оларды кино мен публицистикадағы образды тілмен Perfect storm немесе «Алапат дауыл» деп атап жүр. Ең қиыы, енді осы сырқаттың соңын ала, адам баласы бұрын-соңды көрмеген басқа аурулардың бой көтеріп кететін түрі бар.
– Ковид19 Жер-жаһан тұрғындарының өмір сүру дағдыларына да үлкен өзгерістер алып келген сияқты.
– Дұрыс айтасыз, коронавирустың планета тұрғындарының тұрмыс салтына да қатты әсер еткені анық. Сырқаттың қауырт таралуы салдарынан, бұрын ерсілі-қарсылы жол ағылып жатқан түрлі мемлекеттер арасындағы шекаралар жабылып, көлік қатынасы тоқтап, сауда-саттық құлдырап, әлем экономиканың дамуына үлкен нұқсан келді. Жуыр маңда бұл дағдарыстың шешіліп, жаһан экономикасының қалыпты деңгейіне қайта келе қоюы қиын. Бұл үшін кемінде тағы 2-3 жыл керек. Онда да мына тажалды жеңіп шыққан жағдайға ғана. Әйтпесе, оның белгісіз уақытқа дейін созылып кете беруі әбден кәдік. Сондықтан қазіргі таңда әлемдегі барлық мемлекеттер алдында тұрған бір ғана мақсат бар. Ол – пандемия салдарынан туындаған барлық қауіп-қатерді жеңіп шығу. Тегінде бүгінде саясаткерлердің бұл жағдайды соғыс кезіндегі жағдайға теңеуі де бекер емес. Өйткені, мұнда да тура соғыс кезіндегідей бұл күреске орасан зор ресурс жұмылдырылып жатыр.
Пандемиямен күреске кезінде әр ел әртүрлі тәсілмен келді. Мамандар соның ішінде Қытай, Жапония, Италия, Швеция, Беларусь мемлекеттерін көп мысал етіп алға тартады. Ал бұл елдердің коронавирусқа қарсы жүргізген амал-тәсілдері алуан түрлі болып шықты. Бұлардың бірінде қатаң карантин енгізілсе, енді кейбірінде тіпті шектеулер болмады.
Әлбетте, пандемиямен күрестің нәтижелілігі жөніндегі талас-тартысқа нақты баға беру қиын. Себебі, әр ел бұған өзінің мүмкіндіктерінің деңгейі мен қалыптасқан салт-дәстүрі тұрғысынан келеді. Өйткені пандемияны ауыздықтатуда саяси режимнің формасы емес, жалпы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі, қандай да болсын билік сол пандемиямен күресті қаншалықты дұрыс ұйымдастырып, қоғамды жұмылдыра алады, міне, соған байланысты. Мысалы, Қытай билігі қатаң тәртіпті орнатса, Жапон үкіметі азаматтардың арына арқа сүйеді. Бірақ маусым айында Қытай билігі Бейжің маңайында коронавирустың жаңа ошағы пайда болуына байланысты ел астанасында қайтадан карантинді күшейтуге мәжбүр болды, ал Жапонияда жаңа вирусты жұқтырғандардың саны қайтадан өсе бастады. Демек, бұл күресте жұрттың бәріне үлгі боларлықтай ортақ бір модель жоқ.
Әлемдегі қазіргі жағдай пандемияның ұзаққа созылуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Оның келер жылы көктемде де, тіпті күзде де толық аяқталмауы әбден ықтимал. Мұның қалай бітетінін қазір ешкім де білмейді. Жұрттың бәрінің айтып жүргені тек болжам ғана. Бізге белгілісі – онымен күресте темірдей тәртіп керек. Бәрі жекелеген адамдар мен қоғамның жауапкершілігіне байланысты. Мысалы, коронавирустың Жапония мен Сингапурдағы ауқымды таралуын сол елдердегі азаматтардың саналы әрекеттері тежеп отырғаны айтылып жүр. Бұл рас болуы керек. Шыны керек, Жапонияда да кейінгі кездері жағдай қайтадан ушыға түсті. Дегенмен, 125 миллион халқы бар Жапония үшін қазіргі көрсеткіш оншалықты жоғары емес. Сондықтан бұл жаумен күресудің негізгі қаруы тәртіп және бірлік ұмытпауымыз керек. Бұл тағы әр адамның жеке парасатынан туындайды.
Сонымен, бізге ең алдымен тәртіп керек. Халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген беке айтқан жоқ. Тап сол тәртіпке қайта көшуіміз керек. Мұның өзі әрбір адамның өзі мен қоғам алыдндағы жауапкершілігіне байланысты болады. Ал бұл жердегі тәртіпке бағыну қарапайым санитарлық нормаларды ұстанудан басталады.
– Біздің жергілікті билік те қол қусырып қарап отырған жоқ қой әсте…
– Шыны керек, көктемде коронавирус дауылының үйіріп соққан алапат толқынын осы жергілікті биліктің тез арада ес жиып, дұрыс шешім қабылдап, жұмысты оңтайлы жүргізе білуі арқасында қайтара алдық. Ол кезде республикада аурудың тарауы жағынан облыстар арасында – бірінші, ал жалпы есепте екі мегаполистен кейінгі үшінші орында тұр едік. Осы ықпалды жұмыстардың нәтижесінде аурудың бетін қайтарып, ақыр соңында тарау көрсеткіші ең төмен аймақ болып шықтық. Мұны айтып қоймасқа болмайды.
Ал жақында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев коронавируспен күреске байланысты жұртшылыққа үндеу тастады. Мұны ол тектен-тек жасап отырған жоқ. Аталмыш аурудың «екінші толқыны» қазірдің өзінде Еуропа елдерін басып қалды, ол Ресейге де жетіп, қаһарына қатты мініп тұр. Демек, оның бізге қарай да қадам баса салуы тым алыстағы нәрсе емес. Бұл бізден сақтық шараларын күшейтуді қатаң талап етеді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да әрдайым бұл күреске дайын болуымыз керек екенін айтып, түрлі жиындар мен басқосуларда ескертіп жүр. Қазақта «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз бар. Бұл кісілер біздің есімізге осы қағидатты салып келеді. Ендеше, өз өімірімізді ойласақ, отбасындағы балалар мен немерелердің жайына алаңдасақ, айтылып отырған осы талаптарды бұлжытпай орындауымыз керек.
Бір қызығы, осыған қатысты әңгіменің көбі қазір жұрттың бетперде тағып жүруіне байланысты туындап жатыр. Міне, ең алдымен осы талапты орындау соншалықта қиын ба екен! Біз осы талапты орындамаудың залалын көктемде көрген жоқ па едік?! Шыны керек, пандемия мемлекеттік басқару жүйесіндегі қордаланған проблемаларды қалай ашып көрсетсе, сол сияқты бұл індет қазақ қоғамы талай жылдар бойы арыла алмай жүрген жағымсыз дағды-әдеттерімізді тағы да көзімізге шұқып көрсетті. Тап осы кезде қазаққа бірлік пен ынтымақ ауадай қажет. Бұл үшін биліктің айтқанымен жүріп, айдауына көнуге тура келеді. Басқа жол жоқ. Осындай бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығаратын бірлік қана бізді бұл тығырықтан аман-есен алып шығады. Менің бұған иманым кәміл.