Волейболдан Түркия әйелдер құрамасы бірінші рет Еуропа чемпионы болды
БРЮССЕЛЬ. 6 қыркүйек.Түркияның волейболдан әйелдер құрама командасы өзінің тарихында бірінші рет Еуропаның чемпионы атанды. Бұл туралы Olympics ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Финалда құрлықтың мұның алдындағы күміс жүлдегері – Сербия құрамасы және қола жүлдегері – Түркия командасы ұшырасты.
Жартылай финалда түрік қыздары құрлықтың 2021 жылғы чемпионы – Италияны бес раундта жолдан шығарып тастаса, сербтер Нидерланд командасын төрт торда тізе бүктірді.
Финал да бес партияға созылды. Мұнда құрамына тегі кубалық Мелисса Варгасты қосып алған анадолылықтар ақырында күштілік танытты – 3:2 (25:27, 25:21, 22:25, 25:22, 15:13).
Түркия құрамасында 2021 жылы осы елдің азаматтығын президент Реджеп Ердоғанның өз қолынан алған Варгас шабуыл шебінің ең азулы ойыншысы болды.
Осылайша, итальян жаттықтырушысы Даниэле Сантореллидің қарауындағы Түркияның әйелдер терме жамағаты өзінің тарихында бірінші рет Еуропаның чемпионы атағын жеңіп алды.
Бұған дейін түрік қыздары екі рет – 2003 және 2019 жылдары финалда бәсекелестеріне есе жіберіп қойған еді. Бұл жолы Бельгия байтағында өткен континент біріншілігі олардың бағын жандырып берді.
Ал үшінші орын үшін таласта Нидерланд Италияны ұтып шықты – 3:0 (25:23, 28:26, 25:20).