Өзбек жазушысы Мамадали Махмудов бақилық болды
ТАШКЕНТ. 17 қазан. Өзбектің белгілі жазушысы және бұрынғы саяси тұтқын Мамадали Махмудов 80 жасында өмірден өтті. Бұл туралы «Газета.uz» хабарлады.
Жазушы өзінің туындыларын «Эврил Турон» деген тахаллуспен, яғни лақап атпен жариялап тұрды.
Мамадали Махмудов 1940 жылы 12 желтоқсанда Жизақ облысының Фариш ауданындағы «Боғдон» деген қишлақта туған. 1966 жылы Ташкент мемлекеттік университеті (қазіргі УзМУ) филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген.
Жазушы саналы өмірінің 17 жылын «Жаслық» колониясында өткізуге тиіс болды. Бірақ 2013 жылғы 19 сәуірде мерзімінен бұрын түрмеден шығарылды.
Махмудов Жазушылар одағына мүшелігін 2018 жылғы қарашада қайта қалпына келтірді.
Мамадали Махмудов кезінде Өзбекстан мәдениет қоры мен қозғалысын басқарды. Қайта құру кезінде нағыз ұлтшылдар қатарынан табылып, кейін президент Ислам Каримовтің саяси қарсыласына айналды.
Жазушы алғаш рет 1999 жылы конституциялық құрылымға қол сұқты, астыртын ұйым құрды деген айыптармен 14 жылға сотталды. Кейін колонияда жүргенінде екінші мәрте сотты болып, бұрынғы жазасына тағы 3 жыл қосылды. Жоғарыда айтылғандай, ол бұл уақыттың бәрін түгел өтеген жоқ.
Түрмеде отырған кезінде Махмудов саяси себептермен қуғынға түскен жазушыларға берілетін Хеллман-Хаммет сыйлығының лауреаты атанды. Бұдан бөлек, оның 2008 жылы Францияда басылып шықққан «Бу тоғлар улуғ тоғлар» («Бұл таулар – ұлы таулар», «Бессмертные скалы») деген романы сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын есте қалдыру үшін белгіленген «Чолпан» сыйлығын алды. Аталмыш роман КСРО кезінде тыйым салынған шығармалардың бірі болды. Туындыда Орта Азиядағы түрік (түркі) халықтарының XIX ғасырдың соңында патшалы Ресей басқыншылығына қарсы жүргізген күрестері суреттеледі. Ал 2016 жылы қаламгер Британияның үкіметтік емес ықпалды «Index on Censorship» («Цензура индексі») ұйымының сыйлығымен марапатталды.
Мағлұмат үшін айта кетейік, Мамадали Махмудов жоғарыда атап өтілген «Бу тоғлар улуғ тоғлар» романынан бөлек, «Бўз бўри» («Боз бөрі»), «Ўлмас қоялар» («Өлмес қиялар»), «Туманли кунлар» («Тұманды күндер») және «Ой нури» («Ай нұры») секілді шығармалардың авторы болып табылады.