АҚШ-та 70 жылда бірінші рет әйел адам өлім жазасына кесілді
ВАШИНГТОН. 17 қазан. АҚШ-та соңғы 70 жылдың ішінде бірінші рет өлімге кесілген әйел адамға қатысты үкім орындалғалы жатыр. Бұл туралы «Associated Press» агенттігі хабарлады.
«АҚШ-та екіқабат әйелді өлтіріп, оның кішкентай қызын алып қашып кеткен әйелге кесілген өлім жазасы орындалады», – делінген хабарламада.
Құрама Штаттардың Миссури штатындағы Батыс округінің соты 2007 жылғы қазан айында екіқабат жас келіншекті өлтіріп, оның қызын ұрлап кеткені үшін Лиза Монтгомери деген әйелді өлім жазасына кескен еді.
Әділет министрлігінің мәліметінше, 2004 жылы Канзас штатының тұрғыны Монтгомери Миссури штатына арнайы келіп, Бобби Джо Стиннетт деген әйелді тұншықтырып, артынан қарнын жарып өлтіріп, оның қызын ұрлап әкетеді. Ол өз құрбандығына «күшік сатып алам» деген желеумен келген екен.
Монтгомери өзі жасаған қылмысты толық мойындаған.
Екі бірдей қылмыс жасаған әйел енді Индиана штатындағы Терре-Хот түрмесінде соңғы демін алады. Ол егу арқылы жіберілетін жолмен өз өлімін қабылдайды. Үкім 2020 жылғы 8 желтоқсанда орындалады.
AP сондай-ақ Монтгомеридің Әділет министрлігі 20 жылға жуық уақытқа созылған үзілістен кейін өлім жазасын қайта қалпына келтіргелі бергі жоғары жазаға ұшырап отырған тоғызыншы адам болып отырғанын атап өтті.