Фин премьерінің ашық-шашық суреті желіні шулатты
ХЕЛЬСИНКИ. 16 қазан. Финляндияда елдің премьер-министрі Санна Мариннің ашық-шашық суреті желіге шыққаннан кейін қатты шу көтерілді. Бұл туралы «Yle» телеарнасы хабарлады.
Сурет «Trendi» атты сән журналында жарық көріп, ол артынша инстаграмнан бір-ақ шыққан. Ол қоғамда бір жақты баға алған жоқ.
Атап өтілгендей, 34 жастағы саясаткер әйел жалаңаш денесінің сыртынан пиджак киіп рәсімге түскен. Әйел өзінің образын қосымша әшекейлермен көмкерген. Сонымен бірге, фин премьерінің шашы әдемі таралып, жатқызылған. Оның табиғи сұлулығын макияж одан бетер әрлей түскен.
Мариннің бұл суреті сол бойда әлеуметтік желіде қызу талқылауға түсіп кеткен. Біреулер оның бұл әрекетінің саясаткерге жараспайтынын айтып сынаса, екінші біреулер керісінше әйелдің батылдығына сүйсініс білдірген. Бұдан бөлек, кейбір фин қыз-келіншектері тіпті Саннаны қорғау мақсатында дереу флешмоб ұйымдастырып, оларды Instagram-дағы парақшаларына салған. Олар да осындай ашық түскен суреттерін «Мен Саннамен біргемін» деген хэштегпен жариялаған.
Еске сала кетейік, Санна Марин 2019 жылдың желтоқсан айында Финляндия үкіметінің басшысы болып сайланды. Ол қазір әлемдегі ең жас премьер-министр болып саналады.