Андрей Тихонов «Астананың» тізгінін ұстады
АСТАНА. 16 қазан. Ресейлік белгілі маман Андрей Тихонов «Астана» футбол клубының бас жаттықтырушысы болып бекітілді. Бұл туралы «Чемпионат.com» хабарлады.
Андрей Валерьевич Тихонов 1970 жылы 16 қазан күні туған. Демек, бүгін 50-ге толып отыр.
Белгілі маманның елордалық команданы басқаратыны кеше белгілі болды. Бірақ контрактінің жай-жапсары айтылып отырған жоқ.
Ол футболшы ретінде 2009 жылы сол кезде «Локомотив» атанған қазіргі «Астананың» жартылай қорғаушысы болып ойнады. Өз мансабының көп бөлігін Мәскеудің «Спартагында» өткізді. Сондай-ақ Самараның «Крылья Советов» жасағында да өнер көрсетті.
Тихонов жаттықтырушылық өмір жолын 2008 жылы «Крылья Советовте» жаттықтырушы болудан бастады. Бұдан кейін «Спартак» және «Краснодар» командаларында болды. 2016 жылы ол Красноярскінің «Енисей» командасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Команда оның жетекшілігімен Ресей премьер-лигасына шықты. Бірақ 2018 жылы маман клубтың ресейлік жоғары эшалонда қала алмауына байланысты отставкаға жіберілді.
Бұған қосарымыз, «Астана» 12 турдан кейін «Қайраттан» 8 ұпай артта қалып, екінші орында келеді.