Татарстанда татар тілінен жаппай диктант алынады
ҚАЗАН. 26 қыркүйек. Бүгін Ресейдің Татарстан республикасында татар тілінен жаппай диктант жазу өтеді. Бұл туралы «Татар.ру» хабарлады.
«Жыл сайынғы дәстүрлі «Татарча диктант» 26 қыркүйек күні өтеді», – делінген алдын ала хабарламада.
Диктант жазуға тілек білдіргендердің бәрі қатыса алады. Оған арналған трансляция жергілікті уақытпен сағат 11-де «ТНВ-Татарстан» және «ТНВ-Планета» арналарында ұйымдастырылады. Шара онлайн-форматта өтеді.
«Акция татарша сауатты жазуға, татардың әдеби тілін жақсы меңгеруге, орфографиялық және грамматикалық қателерді әркімнің өзі тексеріп көруіне мүмкіндік жасауға, татар тілінің филологтары мен оқытушыларын танымал ете түсуге бағытталған», – деді республика үкіметіндегілер.
Диктанттың мәтінін жыл сайын Қазан федералды университеті филология және мәдениет аралық коммуникация институтының татар тілі филологтары таңдап алып тұрады.