Еден жуушы қалай әкім болып шыға келді?
КОСТРОМА. 24 қыркүйек. Ресейдің Кострома облысында еден жуушы болып істейтін жас әйел кенет күтпеген жерден әкім болып сайланып кетті. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.
Аяқ астынан басына осындай бақ қонған Марина Угодская облыстың Чухлом ауданындағы Повалиха селолық елді мекеніндегі әкімшілік ғимаратында соңғы төрт жылдан бері еден жуушы болып жұмыс істеп жүр екен.
Жас әйелдің мәртебесін кілт өзгертіп жіберген әкімшілікте жақында өткен әкім сайлауы болыпты. Бұған дейін әкім болып келген Николай Локтев сол кезде Маринадан өзімен бірге баламалы кандидат болып дауысқа түсуді сұраған көрінеді. Басқа талапкер табылмай тұр. Онсыз сайлау заңды болып саналмайды.
«Қатысатын адам табылмады, мен жай қолдан қойыла салған қарсылас едім. Менің оған осылай көмектескім келді. Сайлауда біз онымен [Локтевпен] екеуміз ғана болдық. Мен өзіме ешкім дауыс бермейтін шығар деп ойлап едім, бірақ олай болмады, мұны мүлде күтпеген едім», – деді сосын Угодская.
Нәтижесінде ауылдастардың бәрі дерлік Маринаға дауыс берген болып шықты. Шамасы, іс басындағы әкімге оншалықты көңілдері толмай жүрсе керек.
Енді Повалиха селолық елді мекенінің су жаңа әкімі өз қызметіне 1 қазанда кірісуі керек. Оған дейін Марина еден жуушы болып жүре беретінін сөз етті. «Одан әрі не болатынын ешкім білмейді. Мен бұған іштей дайын емеспін», – деп шынын айтты әйел. Ол өзінің құжаттармен жұмыс жасауды білмейтінін жасырмады, мұндай қызметте тәжірибесі де жоқ. Ал әкімнің қызметіне не жатады – оны да білмейді. Елді мекеннің құрамына кіретін деревнялардың саны да оған белгісіз.