Өзбекстан Қытайға кондитер өнімдерін шығаруды бастайды
ТАШКЕНТ. 18 қыркүйек. Өзбекстан таяу күндері Қытай нарығына өзінде өндірілген кондитер өнімдерін шығаратын болып отыр. Бұл туралы CentralAsia.Uz хабарлады.
Өзбекстанның «Crafers» ЖШҚ компаниясы Қытайдың «Suifenhe Huilong Economic & Trade Co. Ltd» компаниясымен кондитер өнімдерін Қытай нарығына шығаруға келісім жасасты.
Келісімге сәйкес, Өзбекстан кондитер бұйымдарының 65 тонналық алғашқы партиясы қыркүйек айының соңында жөнелтіледі.
Импортқа шығарылатын өнім ҚХР-дың түрлі провинциялары мен қалаларына тарайтын болады. Соның ішінде Қытайдың «Tmall», «Taоbao», «Ding Dong» секілді ірі әрі танымал интернет-ритейлерінің сауда алаңдарына шығарылады.
«Crafers» басшыларының айтуынша, компания өз өнімін Қытайға көп мөлшерде жөнелту секілді келісімді бірінші рет жасап отыр.