Моңғолдар Қытай министрін бейбіт шерумен қарсы алды
УЛАН-БАТОР. 17 қыркүйек. Бұрнағы күні Моңғолия астанасы – Улан-Батор қаласына ресми сапармен келген ҚХР сыртқы істер министрі Ван И жолдасты жергілікті халық бейбіт шерумен қарсы алды. Бұл туралы ARD сайты хабарлады.
Сыртқы істер министрі Ван И 15 қыркүйек күні мұнда өзінің әріптесі Нямцэрэнгийн Энхтайванның шақыруымен келген еді. Оның келу мақсаты екі ел арасында барлық салалардағы ынтымақтастықты жоғары деңгейде ұстап, одан әрі жылжыту болыпты.
Мәртебелі мейман келердің алдында Сухэ-Батор алаңына Қытайдың жаңа тіл саясатына қарсылық білдірген бір топ қауым жиналды. Олар көрші елдегі Ішкі Моңғолия автономиялы ауданындағы бастауыш мектептерде моңғол тіліне залал келтіре отырып, ханьзу тілін міндетті оқытуға қарсылық білдірді. Бейбіт шеруге шығушылар қолдарында көне моңғол әліпбиімен жазылған ұрандар болды.
Еске сала кетейік, Ішкі Моңғолия автономиялы республикасы аймақтық басшылығының жаңа саясатына сәйкес, 2022 жылдан бастап мұндағы барлық мектептерде үш пәнді – ханьзу тілі мен әдебиетін, этика пен құқық бұрынғыдай моңғол тілінде емес, қытай тілінің мандарин леһшесінде оқытылатын болады. Бұдан бөлек, автономия мектептері мандарин оқулықтарына көшуге тиіс.
Біздің анықтама: Ішкі Моңғолияда 25 миллион шамасында халық тұрады. Олардың 18 миллионын (18 млн 465 мың) – ханьзулар, 4 миллионға жуығын (3 млн 995 мың) моңғолдар құрайды. Бұлардан басқа, тағы манчжур (501 мың), дұңған (210 мың), даур (77 мың), эвенк (26 мың), корей (21 мың), орыс (5 мың) секілді ұлттар бар.
Моңғолия елінің өзінде моңғол ұлтының саны 2 миллион адамнан сәл ғана асады. Демек, Қытайдағы автономияда тұратын моңғолдар саны олардың тарихы отандарына қарағанда екі еседей көп болып отыр.