Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Әзербайжан шенеунігі AIBA басшысы болуға ниет білдірді

БАКУ. 16 қыркүйек. Бакудің Гарадаг ауданы атқару билігінің басшысы Сулейман Микаилов Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының (AIBA) президенті болуы әбден ықтимал. Бұл туралы Insidethegames.biz сайты хабарлады.

Порталдың хабарлауынша, Әзербайжан Бокс федерациясының вице-президенті, ассоциация атқару комитетінің мүшесі С. Микаилов AIBA-ға кіретін федерацияларға хат жолдап, өзінің ассоциация президенттігіне кандидат екенін, егер сайлана қалған жағдайда оның 16 млн долларды құрайтын қарызын толық өтеп беретінін атап көрсеткен.

«Мен AIBA-ның қазіргі статусын өзгертуге барынша ынтықпын, сондықтан өзімнің кандидатурамды оның президенттігі орынтағына ұсынуға шешім қабылдадым. 2018 жылы өткен конгрестен кейін ассоциация қирай бастады, ал 2019 жылдың маусымында Халықаралық олимпиялық комитетке мүшелігін тоқтатуы апатқа және дағы кетпес масқараға айналды. Соңғы кездері жағдайды «тізгіндеп» жіберудің көптеген идеялары ұсынылды. Алайда, өкінішке орай, біз әлі тоз-тоз болып жүрміз, уысы мықты басшылық жоқ, біздің ар-намысымызды қалпына келтіретін жалпы мақсаттар айқын атап көрсетілмеген. Енді желтоқсанда өтетін келесі конгресте біз тағы қателесуге жол бермеуіміз керек. Мен AIBA сол кезде өзінің мықты лидерін таңдап алуы керек қой деп есептеймін. Сондықтан кемеміздің суға батқанын қызықтап қарап отыра бермейтінімді мәлімдеймін», – деп жазыпты С. Микаилов. .

Айта кетуіміз керек, өткен жылдың наурыз айында өзін тексеру басталғасын AIBA-ның бұрынғы президенті өзбекстандық Гафур Рахимов отставкаға кетуге мәжбүр болған. Сосын бұл қызметті марокколық Мохаммед Мустахсан уақытша атқаруға кірісті. Алайда, AIBA жарғысына сәйкес, міндетін атқарушылық бір жылдық мерзімнен аспауы тиіс. Бұл мерзім биылғы 29 наурызда бітті. Бірақ конгрестің шешімімен оның өкілеттігі тағы ұзартылды.

Енді биылғы жылғы 12-13 желтоқсанда Венгрия астанасы – Будапештте AIBA-ның кезектен тыс конгресі өтеді. Сонымен бір мезгілде ассоциация президентін сайлау жүргізіледі. AIBA-ға мүше жергілікті федерациялар сонда өз кандидаттарын ұсынуға тиіс. Оның тиісті өтінімдері конгресс басталғанға дейін 40 күн бұрын беріледі.

Шынында AIBA-ға ары да жаны таза мықты басшы болу керек. Оның мұның алдында ұзақ жылдар басқарған Чинг Куо-Ву нағыз жемқор, алаяқ болып шықты. Ал содан кейін аз уақыт тізгін ұстаған Гафур Рахимов криминалды авторитет болатын. Сонымен бірге алдыңғының алаяқ екенін ашық білдіріп қойған, яғни онымен ашық сауда жасасқан кезінде осы әзербайжандар болатын. Сондықтан мұны да жақсы вариант ретінде қарастыру қиын шығар.

Жоғарыдағы суретте: С.Микаилов (оң жақта) AIBA-ны ұзақ жылдар басқарған жемқор, алаяқ Чинг Куо-Вумен бірге.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button