Украина Беларусьтегі сайлау нәтижесін мойындамады
КИЕВ. 16 қыркүйек. Украина Жоғарғы радасы Беларусьте 9 тамыз күні өткен президент сайлауының қорытындысын мойындамады. Бұл туралы Naviny.be хабарлады.
Кеше осы мәселені талқылаған парламент тиісті мәлімдеме жасады.
Депутаттар «кандидаттар арасында бәсекелестіктің, еркін БАҚ-тардың толық болмауы, сондай-ақ ОБСЕ, Еуропа кеңесі сияқты халықаралық беделді ұйымдардың бақылаушылары қатыспауы жағдайында өткен» сайлаудың «еркін де, таза да» сипат бермегенін атап көрсетті.
Сайлау «айтарлықтай тәртіп бұзушылықпен, кандидаттардың көпшілігін тіркемей қоюмен, дауыс санауда тазалықтың болмауымен өтті».
«Біз оппоненттерді қорқытуға, оларды қамауға алуға, сайлау учаскелерінде тәуелсіз ұлттық бақылаушыларға кедергі келтіруге, сайлаушылардың еркін таңдау құқықтарын бұзуға, сондай-ақ биліктің Орталық сайлау комиссиясын толық бақылауға алуына жол беруге болмайды деп есептейміз», – делінген мәлімдемеде.
Парламентарийлер «құқық қорғау органдары тарапынан бейбіт шеруге шығушыларға шамадан тыс күш көрсенту қолданылуын» айыптайды, бұл ретте Еуроодақтың «Беларусьтегі президент сайлауы демократиялық сипатта өткен жоқ» деген бағасына қосылады, «сайлау нәтижелерін фальсификация жасаушылар мен қарсылық қозғалысы мүшелеріне күш қолданушыларға қатысты санкциялар енгізу» ұсынысын қолдайды.
Жоғары рада осыған байланысты «қамалғандардың барлығын босатуды талап етеді және Беларусьтің ресми билігі белорус қоғамында бұдан әрі эскалация мен қауырттықты үдетуге, өз оппоненттерін, сондай-ақ биліктің ресми әрекеттерімен келіспей, қалалар көшелеріне шыққан Беларусь азаматтарын саяси себептермен қуғын-сүргінге түсіруге жол бермейді деп үміттенеді». Депутаттар Беларусь территориясында өз отандастарын заңсыз қамауға алушылықты айыптайды және олардың құқықтары мен мүдделерін «барлық заңды құралдармен» қорғауға уәде береді.
Парламент Украинаның көрші мемлекеттің егемендігін құрметтейтінін, оның ішкі істеріне араласпау принципін ұстанатынын атап көрсетті. «Осыған байланысты белорус тарапының бізді Беларусьтегі жағдайды ушықтыра түсуге қатыса бар деп айыптауын шешімді түрде жоққа шығарамыз», – деп мәлімдеді депутаттар.
Құжатта «РФ және ҰҚКҰ күштерін Беларусьтегі жағдайды реттеу үшін қолданудың кез келген түріне жол беруге болмайтыны» ашып айтылған. Мұндай қадам «жалпыеуропалық қауіпсіздік пен Украинаның қауіпсіздігі үшін тікелей қауіп-қатерге қарай қадам басу» болып табылады.
Рада белорус билігін «қазіргі дағдарыстан бейбіт жолмен шығу үшін» қоғаммен «тең құқықты диалог орнатуға» шақырады. Мұның «бір варианты» ретінде еуропалық жетекші институттардың тәуелсіз халықаралық бақылаушыларының қатысуларымен жаңа, еркін және демократиялы сайлау ұйымдастыру ұсынылады.
Дағдарыстан шығудың бірден-бір дұрыс жолы жаңа сайлау өткізу екенін бұдан алдын Украина президенті Владимир Зеленский де мәлімдеген болатын. Оның пікірінше, егер билік қоғаммен диалогқа бармайтын болса, күндердің күнінде Беларусьте «Майдан секілді әлдененің» болып кетуі мүмкін. Жұрттың төзімі де таусылады.