Аралда Ұзақбай Қарамановтың мүсінін ашу рәсімі болды
АРАЛ. 1 қыркүйек. Кеше Қызылорда облысының Арал қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың мүсінін ашу рәсімі болып өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді. Министр алдымен министр Қызылорда қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде болды.
Музей 1954 жылы салынған. 2015 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген, қазіргі таңда оның 11 көрме залы бар. Музейде 24 маман, 14 техникалық қызметкер жұмыс істейді.
Осы күні Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Арал ауданына барды. Олар мұнда биыл Ұзақбай Қарамановтың атын иеленген №262 мектеп-гимназияға ат басын тіреп, онда қайраткердің мүсіні ашылу рәсіміне қатысты.
«Ұзақбай Қараманұлының есімін ұлықтап, мүсінін ашу рәсімін өткізіп отырмыз. Ұлы адамдардың өмір жолы болашақ ұрпақ үшін әрқашан өнеге. Ұзақбай Қараманов 1937 жылы туған. Ол – кеңес кезеңіндегі Үкіметтің соңғы және тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Премьер-Министрі. Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Құрылысшылар одағының негізін салушы. II дәрежелі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен және түрлі жоғары дәрежедегі медальдармен марапатталған. Қазақ елінің дамуына еңбек еткен азаматтарға құрмет көрсету біздің парызымыз», – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Қайраткер мүсінін мүсінші Айдос Тоқтарбеков жасаған. Ол қоладан құйылған, биіктігі – 3,2 метр.
Шарадан кейін Ақтоты Райымқұлова мен Гүлшара Әбдіқалықова Ұзақбай Қараманов атындағы мектептің музейін аралап көріп, «Бастау» кәсіптік қауымдастығы кабинетінде оқушылармен кездесті.
2009 жылы пайдалануға берілген № 262 мектеп-гимназия 1200 орынға лайықталған. Онда 106 педагог шәкірттерге білім беруде. Білім ордасында 40 орындық компьютерлік кабинеті, 400 орындық акт залы және 450 орындық асхана бар.