Белгілі заңгер Бақытбек Ерғалиев қайтыс болды
Есімі республикаға белгілі заңгер, прокуратура және әділет саласының ардагері, аға әділет кеңесшісі Бақытбек Ерғалиев жасы 66-ға қараған шағында қайтыс болды.
Бақытбек Сабырұлы Ерғалиев 1954 жылы 16 желтоқсанда Қызылорда облысы Жалағаш ауданында туған. 1972-1973 жылдары аудандағы «Коммунизм» кеңшарында жұмыс істеп, 1973-1975 жылдары КСРО Қарулы күштері сапында әскери борышын өтеген.
Б. Ерғалиев 1975-1978 жылдары Жалағаш ауданында орта мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі, 1978-1981 жылдары аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. Ал 1981 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай оқып бітіргеннен кейін біржола прокуратура органдарына ауысып, бұдан кейінгі бар саналы ғұмырын құқық қорғау саласына арнады. Мұндағы қызметін Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі ретінде бастаған ол бұдан әрі облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі болды, 1988-1994 жылдары Шиелі ауданының прокуроры, 1994-1996 жылдары Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
Бұдан кейін, 1996-1999 жылдары Атырау облысының прокуроры, 2000-2001 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы аймақаралық табиғат қорғау прокуроры, 2001-2003 жылдары Қызылорда облысының табиғат қорғау прокуроры болды, 2003-2007 жылдары Қызылорда облысының, 2007-2009 жылдары Батыс Қазақстан облысының, 2009-2011 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әділет департаменттерін басқарды.
2011 жылы зейнет демалысына шыққан Бақытбек Ерғалиев өмірінің соңына дейін Астана қаласында тұрды.
Біз білетін Бақытбек Сабырұлы өз саласының білімді білгірі, майталман маманы еді. Тіршілігінде өзінің ізеттілігімен, инабаттылығымен, мәдениеттілігімен жолдас-жоралары есінде сақталатын Бәкең соңында өзінің жақсы атын қалдырды.
Өкінішке қарай, Бәкеңнің өлшеулі өмірі осымен өзінің соңғы нүктесіне жеткен екен. Алланың ісіне қайран қылар шара бізде жоқ. Бұдан бір жарым жыл бұрын өмірлік серігі қайтыс болғалы бері сырқаттанып жүрген оны соңғы айлардағы індеттің зардабы біржолата тұралатып кеткен сияқты.
Енді Алланың өзі алдынан жарылқасын.
Бақұл бол, Бәке!
Бір топ жолдастары