Бүгін – Мәскеу Олимпиялық ойындары мәреге жеткен күн
Бұдан тура 40 жыл бұрын, 1980 жылғы 3 тамыз күні Мәскеу Олимпиялық ойындары өзінің мәресіне жетіп, салтанатты жағдайда жабылу рәсімін өткізді. Ол «Лужники» стадионында керуен керді. Сол шараның соңында Олимпиаданың бойтұмары болған аю қонжығы – Мишканың көзінен жас тамшылаған сәтінің көрсетілуі миллиондаған адамдарды қатты толқытып еді…
Сөйтіп, 19 шілдеде ресми түрде сөреден шыққан Ойындар тура 15 күнге созылып, өзінің миссиясын аяқтады.
Олимпиялық ойындарға әлемнің 80 елінен 5179 спортшы қатысып, спорттың 21 түрі бойынша 203 медальдар жиынтығын сарапқа салды.
Қорытынды есепте 80 алтын, 69 күміс, 46 қола, барлығы 195 медаль жинаған КСРО құрамасы бірінші орынға шықты. Екінші орынды 47 алтын, 37 күміс, 42 қола, жиынтығы 126 медальға ие болған ГДР командасы жеңіп алды. Үшінші орынды 8 алтын, 16 күміс, 17 қола, түгелісі 41 медаль топтастырған Болгария жасағы еншіледі. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Куба, Италия, Венгрия, Румыния, Франция, Ұлыбритания, Польша спортшылары кірді.
Ерекше тоқталып өтетін жайт, жаһанның АҚШ бастаған 65 елі Мәскеу Олимпиадасына байкот жариялап, төрт жылда бір айналып келетін аламан жарысқа келмей қалды. Бұлардың қатарында ГФР, Канада, Қытай, Жапония, Корея, Түркия секілді мемлекеттер болды. Байкотты Құрама Штаттар президенті Джимми Картер бастап берді. Ол мұны сол жылғы 20 қаңтарда мәлімдеді. Бұған 1979 жылдың желтоқсанында совет әскерлерінің Ауғанстанға басып кіруі басты себепкерлік етті.
Кеңес Одағы құрамасының ортақ жеңісіне Қазақстан спортшылары да айтарлықтай үлес қосты. Біздің саңлақтарымыз бұл сайыста 6 алтын, 3 күміс және 7 қола медальдар жеңіп алды. Алтын медальдарды күні кеше өмірден өткен Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков – классикалық (грек-рим) күрестен, Надежда Ольхова (Шуваева) – баскетболдан, Сергей Котенко – ватерполдан, Виктор Мазин – ауыр атлетикадан, Владимир Муравьев жеңіл атлетикадан алып берсе, күміс медальдарды Анатолий Быков – классикалық (грек-рим) күрестен, Виктор Демьяненко мен Серік Қонақбаев бокстан олжалады, ал қола медальдарды Татьяна Лесовая – диск лақтырудан, Миннеула Азмзов, Александр Гончаров, Александр Мясников, Михаил Ничепуренко, Фарид Зигангиров және Олег Загороднев көгалдағы хоккейден қолға түсірді.