Атына заты сай азамат еді
Көп жағдайда адамның азан шақырып қойған ныспысы оның өмірдегі бітім-болмысын дәл білдіре бермейді. Аты мен заты үйлесе қалатын жандар сирек. Сондай сиректің бірі көп жылдардың кезеңінде келеден кеңес сұрасқан сыралғы досымыз Райымбек еді.
Шынында Рекеңнің есімі мен еңсесі бір-бірімен етене көрінетін. Араб тілінен аударғанда, «райым» сөзі «рақымды», «мейірімді» деген ұғым береді екен. Сол айтылғандай, досымыз ылғи жан-жағына тек шуағы мен шұғыласын шашып жүретін. Мазмұны мен мағынасы осылай сәйкес келіп тұрған ол орайы түсіп жатса, адамға жақсылық жасағысы, көлдей көмегін көрсеткісі, қайырлы қолының ұшын созғысы келіп тұратын. «Жақсы адамға мал бітсе, ағайынның жоқ-жітігіне қарасады» деген сөз тура біздің досымызға арнап айтылған секілді. Негізінде, адамның адамгершілік абзал қасиеттері, азаматтық тұлғасы, өресінің биіктігі, болмысының бейнесі, төңірегіндегілерге жанашырлығы айқын көрінетін бедерлі тұстар болады. Мұндай қасиеттер былайғы қым-қуыт тіршіліктің тінінде, жайбарақат күндердің күресінінде аса байқала бермеуі де мүмкін. Бұл үшін оған дүмпу беретін өзгеше бір оқыс оқиғалар, төтенше жағдайлар, суыт хабарлар орын алуы керек. Сондай сәттерде кімнің кім екені, кімнің неге тұратыны айқын аңғарылып қалады. Біздің Райымбек мұндай бұрқасында ешқашан жолынан жаңылған жоқ. Ол дәйім қиналған ағайынның алғауынан шығып, қасынан табылды, сүрініп жатса демеді, құлап жатса тұрғызды. Бұл, әрине, екінің бірінің қолынан келетін мәрттік пен жомарттық емес. Сол қалпынан өмір бойы танбай өтті. Сондай бір таза пейілді, мейірбан жүректі аяулы достың кісі біткенге жылы жымиып, күлімсіреп қарайтын кескін-келбеті менің жадымда қаттай қатталып қалыпты. Қазір оны ойға алған сәттерде көңілімнің көкжиегіне осы мамыражай кейпі көлбеңдеп келе береді.
Осындай достыққа адал, антына берік, ісіне мығым жарамды жорадан қапияда айырылып қаламыз деп кім ойлаған! Осының өзі бұл дүниенің жалған екенін тағы бір мәрте еске түсіріп өткендей болып кетеді. Міне, осылайша жаныңа жақын адамың өзекті өртеп, өмірдің өрінен көшкенде, тіршіліктегі әрекеттеріңнің бәрі құр әбігершілік, бос бекершілік сияқты болып сезіледі екен. Мен Райымбек бірнеше ай төсек тартып жатып, сөнген отты жұлдыз сынды фәни көгінен өте шыққан кезде, осындай ой мен қиялдың құшағынан ажырай алмай-ақ қойдым. Бірақ тағдырдың кей кездері осыншалықты қатқыл келетін қарекетіне жасай алатын ешбір қайранымыз жоқ.
Бізді әу басында өмірдің өзі таныстырып, табыстырды. Біз әлдекімдерге ұқсап, бір-бірімізге адал дос болуға ант-су ішіскен жоқпыз, пышақ жүзінен өткізген білектерімізді айқастырып қойып, серт беріскен емеспіз. Барлығы да тіршіліктің өзені ағысында астар тауып, орайласып келді. Қазір қарап тұрсам, екеуміз бір-бірімізді сонау 80-ші жылдардың ортасынан бері біледі екенбіз. Сол тұста екеуміз де қалада жұмыс істеп жүрдік. Мен облыстық агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағында еңбек жөніндегі техникалық инспектор болсам, Райымбек «Агропромтехника» бірлестігіне қарасты автокөлік мекемесінде бас инженер екен. Сол жылдары екеуміз әртүрлі қауымның қауышуында, өзімізге ортақ дос-жарандардың кездесулерінде ұшырасып қалатынбыз. Әлбетте, әдепкіден керемет жарасып, достық қарым-қатынас орнатып кеттік деп айта алмаймын, бірақ сол кездің өзінде екеуміздің арамызда бір-бірімізге деген қошеметті құрмет пен салиқалы сыйластықтың ірге қалағаны рас. Сол құрмет пен сыйластық уақыт өте келе, бір-бірімізді жақынырақ тани түсу үстінде бұдан әрі дамымаса, әсте ешбір кеміген емес. Кейін екеуміз де бизнеске кеттік. Бұл еліміздің егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдар болатын. Нарықтық қатынасқа көше бастаған қоғаммен бірге біз де кәсіпкерліктің арқалап дорба таситын кезеңдерінен бергі мехнаттарының бәрін бастан кеше жүріп, біртіндеп өсіп жетілген едік. Екеуміз коммерцияның күре жолына кеулеп түскен тұсымызда шындап табыстық, сол кезге дейін жиған-терген мүкәмалымызды ортақтастырып, мұратты тірліктің жолына бет бұрдық. Бұдан екеуміз де жаман болмадық, тіршілігіміздің түтіні түзу ұшып, іргеміз бірте-бірте беки берді. Ал 1999 жылдың соңына қарай мен өмір жолымды өзгертіп, Сырдария ауданына әкім болып кеткен кезде Рекең екеуміз екі бөліктен біріктіріп құраған кәсіпшілігіміздің тізгінін ұстап қала берді, мен өзімнің үлесімді оған уақытша сенімді басқаруға қалдырып кеттім.
Осы жылдардың бәрінде де Райымбек өзінің досқа да, кәсіпке де, уәдеге де, жұмысқа да адалдығынан танбады, тазалықтың ақ жолынан айнымады, тізгін негізінен өз қолында болса да, ортақ бизнеске қатысты тірлік түйіндерін көп жағдайда кеңесе отырып, бірге шешіп жүрдік. Соның арасында айнымас досым мен басқарып отырған Сырдария ауданының С.Сейфуллин атындағы кеңшарына директор болып та қызмет атқарып көрді. Әрине, бұл тұрғыдағы ұсыныс пен қолдаудың менің тарапымнан болғаны айтпаса да түсінікті шығар. Рекең мұнда 2002 жылдың басында барды. Ол шаруашылықтың ыңыршағы айналып, тұралап тұрған кезі еді. Мен де досыма сенгендіктен, осы совхозды басқарып, белгілі бір белеске көтеріп беруді өтінген болатынмын. Обалы не керек, Райымбек бұл ретте менің де, ауылдағы барша жұрттың да көңілінен шыға білді. Жұмыс жүруі үшін кей жағдайларда да өзінің қаражатын осында құйып жүргенін де талай байқадым. Осындай жанды да өрелі жұмыстардың арқасында кеңшар көп ұзамай табанынан тік тұрып, айтарлықтай көтеріліп қалды. Осының арқасында Рекең ауылдағы елдің үлкен құрметіне бөленді. Бірақ мұнда келгеніне тура екі жылға жақындаған шамада, 2003 жылдың соңында ол маған келіп, өзін бұл жұмыстан босатуды сұрады. Сөйтіп, оны рахмет айтып шығарып салуға тура келді. Ең бастысы, досым өзінің қандайда бір жауапты жұмысты атқарып бере алар қабілеті бар екенін дәлелдеп берді. Негізінде, мұның бәрі мінезге байланысты нәрселер еді.
«Мінез» демекші, өз басым Райымбектің қандай жағдайда да өзінің салмақты қалпынан ажырамай, бәрін сабырмен шешуге ұмтылатынын талай аңғардым. Ол шынында мінезге аса бай адам еді. Соның да бір нақты себебі бар шығар, біз қаншама жыл қатар жүріп, бірлесе тірлік атқарған кезімізде ешқашан бір-бірімізге «ищай» десіп көрген жоқпыз, арамызда айтылған бір ауыз артық сөз болмады. Расында Райымбек көбіне-көп өзінен бұрын өзгенің көңіліне қарап, қабағын бағып тұратын атпал жігіт-тін. Ол өзімен сыйласқан жандардың жетістіктері мен жақсы істеріне балаша қуана білетін, қайғысына қабырғасы қайысып, қолынан келген көмегін ала жүгіретін нағыз жанашыр жан болды. Бұл Рекеңнің өзі өскен ортаның ащылы-тұщылы тәлімін өз зерені сүзгісінен өткізіп, керегін алып, керек емесін қалдырып, зерделі тұлғаға айналғанын көрсететін айғақ еді. Ол сондықтан алдын, жолын, жөнін саралай білетін өресі биік, пайымы жоғары азамат атанды.
Меніңше, осының бәрі оған ата-ананың қанымен берілген, отбасындағы түбірлі тәлім-тәрбиемен қалыптасқан қарымды қасиеттер-ді. Олай дейтінім, Райымбектің әкесі Жамалбек аға өз ортасында сыйлы, барынша меймандос, өмірде көргені мен түйгені көп көшелі кісі болды. Ол кезінде өз ұрпақтарын айтпағанда, аталас ағайындар балаларының да жоғары оқу орындарына түсіп оқуларына ықпал жасады. Бұл оның көпшілдігі мен көрегендігін көрсетеді. Рекеңнің анасы Фатима апай да жүзінен нұры төгіліп тұрған, өте бір биязы, құдайына қараған жақсы адам еді. Міне, осындай орнықты отбасынан тағлым алып шыққан досымыз ата-ана даңқына ешқашан қылау түсіріп көрген емес.
Сөз реті келгесін айта кетейін, Райымбек Жамалбекұлы Шәйімбетов 1955 жылы 24 наурызда қазіргі Шиелі ауданындағы «Тартоғай» ауылында өмірге келген. Ол 1972 жылы осындағы орта мектепті бітіргесін, алдымен Қызылорда политехникумына оқуға түсіп, механик дипломына қол жеткізеді, бұдан кейін оқуын Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтында жалғастырып, инженер-механик мамандығын алып шығады. Ал еңбек жолын Қызылордадағы «Главриссовхозстрой» тресінде аға инженерліктен бастап, «Транссельхозхимия», «Транссельхозтехника» мекемелерінде эксплуатация бөлімінің бастығы, бас инженер қызметтерін атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң жылдарында, бизнеске бет бұрғанға дейін «Агропромтехника» бірлестігінде товаровед болды. Кейінірек С.Сейфуллин атындағы совхозды абыроймен басқарғанын жоғарыда айтып өттім. Осының бәріндегі өлшеусіз тер мен адал еңбекте Рекеңнің арғы аталарынан бері жалғасып келе жатқан тектілік пен бекзаттықтың бірегей болмысы жатыр.
Қарап отырсақ, Райымбектің ата-бабалары арасында халық пір тұтқан толымды тұлғалар аз болмаған екен. Тым алысқа бармай-ақ, оған баба болып келетін Дүйсеман қажыны кезінде бұл өңірде танып-білмейтін жан болмаған көрінеді. Заманында Меккеге үш рет қажылыққа барып келіп, 7 жыл болыстық қызмет атқарған ол айналасына жасаған қамқорлығы арқасында жұрттың жадында жақсы атымен қалып қойған. Сол Дүйсеман қажыдан Шәйімбет бастаған төрт бала туады, ал Шәйімбеттен Шәрібек, Шатланбек, Жамалбек және Кенжебек тарайды. Біздің Райымбек досымыз осы Жамалбек ағамыздың екінші ұлы. Ата-баба дәстүрі мен салтын қатты қастерлейтін ол кейін өзі құрған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке «Дүйсеман әжі» деген ат қояды. Меніңше, өзіндік ырыммен қойылған осы атау Рекеңнің жұмысының оңды болып жүруіне айтарлықтай серпін берген сияқты.
Ата-баба дәстүріне берік Райымбектің бұл тұрғыдағы бір әрекетіне куә да болған жайымыз бар. Ол әкесі Жамалбектің өз әкесі Шәйімбеттің басына белгі сала алмағанын айтып өткенін үнемі жадында ұстап келіпті. Содан әкесі қайтыс болғаннан кейін осыны аманат ретінде қабылдаған ол қалайда бұл міндетті орындауды алдына мақсат етіп ұстанды. Сөйтіп, атасының жерленген жерін білетін кісілерді іздестірді. Дегенмен, «Көп іздеген жоқтың өзіне жолығады» деген рас екен, бір күні «Жетікөл» ауылында тұратын Шопанбек атты қарияның бұл жайында білетіні туралы хабар естиді. Ести сала, қасына кезінде совхозда жиырма жыл мал баққан Пернебек деген кісіні жанына ертіп, аталған елді мекенге барады. Барса, айтылған ақсақал шынында бәрін білетін болып шықты. Айтып отырса, мұның әкесі Жамалбекпен 7 сыныпқа дейін бірге оқыпты. Бұл да 1928 жылғы, демек, әкесімен түйдей құрдас. Ең қызығы, бұлар үйге кіріп барғанда, ауызғы бөлмеде кездескен кейуана кісі мұның Шәйімбеттің Жамалбегінің баласы екенін естігенде, «Сен қай баласысың, Раушанбексің бе, Райымбексің бе?» деп сұрақ қойып қарсы алады. Мұның өзі бұл кісілердің кезінде бір-бірлерімен өте жақын араласқандарын білдіретін жайт еді. Ал Шопанбек қария сол жерде Шәйімбет атаға қатысты деректерді түгел айтып береді. Райымбек сол арқылы атасының «Қотыр әулие» деген жерден батысқа қарай 1,5 шақырымдай қашықтағы ескі қорымда жерленгенін біледі. Бірақ қазір ақсақал жасының ұлғайып қалуына байланысты ол жаққа өзі барып көрсете алмайтынын айтып, оны өзінің сілтеуі бойынша тауып беруді сол жерлерді жақсы білетін қасында отырған Пернебекке тапсырады. Сөйтіп, Райымбек сол 2011 жылы көпке созбай, атасының басын қарайтып, әруағына арнап ас берді. Осы оқиғаның басы-қасында жүргесін, мұның бәрі бізге де жақсы таныс.
Ұдайы көпшіліктің көңілін тауып жүретін досымыз өзіне аталас ағайын болып келетін алты алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқайға байланысты іс-шаралардың да барлығының басы-қасынан табылды. Ол осы сыңайда «Мұстафа Шоқай» қорының ұйымдастыруымен бірнеше кісінің Германия мен Францияға барып, сол жақтарда мәңгіге дамылдап жатқан Мұстафа Шоқай мен оның зайыбы Мария Шоқайдың зираттарына зиярат етулеріне кететін шығынды көтеруге атсалысты. Сондықтан да «Мұстафа Шоқай» қорының президенті Базарбай Атабаев ағамыз: «Райымбек – біздің Жамалбек деген ағамыздың ұлы, жақсы көретін інілеріміздің бірі еді. Онда әлдене жөнінде өтініш не ұсыныс айта қалсаң, әлдеқандай бір себептер тауып алып, бас тарту деген болмайтын, қашанда болар істің басына қарай бет алатын. Көп жағдайда саған өзі келіп, нендей көмек керек екенін сұрап тұратын», – деген еді кейін.
Қазақтың аймаңдай жампоз жазушыларының бірі, алты алаштың мақтан тұтар білімпаз қаламгері Мұхтар Мағауиннің бірде: «Кез келген жанның артындағы алыс-жақын ағайынға, ол қандай да елеулі тұлғаның туған халқына тастап кеткен айғақты аманаты болады. Соның бір парасы – алаштың азаматын кейінгі ұрпаққа таныта түсетін, естелік кейіпті шығармалар», – деп жазғаны бар. Мен бұл сүлей сөздің растығына Райымбек досымның көңіл толқытатын көптеген көрікті тірліктері арқылы көз жеткізе түсемін. Осы сайыптан келгенде, ол туралы жазу маған қажетті лебіздің ләмі ғана емес, шын мәнінде міндетті парыз сияқты болып көрініп тұрады. Өзін осылай ата-ананың алдында, ағайынның ортасында аманат арқалап қалған азаматтай сезінген Рекең тынымсыз тіршілігінде көп адамның қолынан келе бермейтін көптеген қиуалы іске құлаш ұрды. Мәселен, құдай қосқан қосағы – Гүлдірайханның інісі Ғаниды кішкентайынан қолына алып, өз балаларынан кем қылмай, тәрбиелеп өсірді, ержеткен кезінде оқытып, мамандық алып беріп, соңынан үйлендіріп, өз алдына отау етіп шығарды. Жай шығара салған жоқ, арнайы жер алып, оған үй салып, барлық жасау-жабдығымен кіргізді. Бұдан бөлек, әйелінің Кенжалы, Ералы деген аға, інілеріне де біраз қамқорлық жасады. Соның ішінде Ералының қаладан үй сатып алуына көмек көрсетті. Бұларға қоса, Пернебек деген жерлесін қалаға алдырып, оны жұмыспен және үймен қамтамасыз етті. Мен мұндай ізгі ниетті іргелі істерге қолдарынан келіп тұрған жұрттың көп бөлігінің бара қоймасына сенімдімін. Ондай тірнекті тірлікті Райымбек сынды атына заты сай азаматтар ғана жасай алса керек!
Біздің қазір шүкіршілік ететініміз, осындай абзал досымыздың артында тура өзі сияқты жүрекжарды жандардан құралған ормандай отбасысы – жан жары Гүлдірайхан мен ұлы Ерлан, қыздары Күләш пен Нәзігүл қалды, ата жолын жалғастыратын ұлағатты ұрпағы – немерелері қалды. Бұлардың бәрі Рекең өмірден өтіп кеткенше, оның ақтық демі шыққанша жанынан табылып, өз қызметтері мен құрметтерін көрсетті. Бұл ретте, әсіресе, оған тағдырдың Гүлдірайхан тәрізді нағыз жанашыр жұбайдың кезіктіргеніне мың шүкіршілік айтуға болады.
АҚШ-тың 4 мәрте қайта сайланған президенті Франклин Рузвельт соңында: «Өлу – қорқынышты емес, өмір сүре алмау – қорқынышты» деген сөз қалдырып кеткен екен. Бұл жерде «өмір сүре алмау» деген тіркес адамның көзі тірісінде өз еліне, халқына қаншалықты қызмет көрсете алуының өлшемі ретінде айтылса керек. Тап осы өлшем өресінен келгенде, біз тірлігінде жан-жағын шапағаты мен шарапатына бөлеп өткен Райымбек Шәйімбетовті нағыз адамша өмір сүрді деп бағалауға толық хақылымыз. Сондықтан біз, Рекеңнің артында қалған достары мен жолдастары, оның осындай өнегелі өмірі мен үлгілі үрдістерін реті келген кезде айтып отырамыз, оны кейінгі жас толқынға үлгі етеміз. Қатар жүрген кездерімізде кей жерде келіспесек те, ешқашан кейіспегенімізді, бір-біріміздің мінезімізді бір қарағанда тани алатын жағдайға жеткенімізді, бір-бірімізді осы тұрған қалпымызда қабылдай алғанымызды мақтан тұтамыз. Ол біз үшін адалдық пен абзалдықтың эталоны болып қала береді.
Әріп ХОЖБАНОВ,
Сырдария ауданының құрметті азаматы
«Сыр бойы» газеті, 25 маусым, 2020 жыл
Жүректен шыққан, жүректен төгілген, өте жақсы жазылған мақала екен. Авторға – респект!
Жатқан жері жайлы болсын. Жүрген жерінен жарық шашып жүреді деген осындай кісілер болады.