Ұйғыр ауданында 5 жігіт пышақ жарақатын алды
ТАЛДЫҚОРҒАН. 18 маусым. Алматы облысының Ұйғыр ауданында 5 адам пышақ жарақатын алып, ауруханаға түсті. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Төбелес Ұйғыр ауданының орталығы – «Шонжы» ауылында болған. Онда «Шонжының» «Шанхай» шағын ауданы мен «Бахар» ауылының жастары бір-бірімен жұдырық сілтескен.
«Ол жерде 5 адам жанжалдасқан. «Бахардың» балалары шетінен спортшы. Сол бұрынғы «Ақтан» ауылында басталған оқиға төбелеске себеп болған сияқты. Бірақ не үшін төбелескенін ұқпадым, кім-кімді соққыға жыққаны белгісіз. Қазір ол жақта полиция мен әскер толып жүр», – деді шонжылық тұрғын.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аудандық ауруханаға 5 жігіт пышақ жарақатымен түскенін растады. Жаралы жігіттер түн ортасында жеткізілген. Ауыр жарақат алған екі тұрғынға шұғыл ота жасалыпты.
«15 маусым күні сағат 23:46-да 5 адам пышақ жарақатымен Ұйғыр аудандық ауруханасына түскен. 1999 жылы туған екі азаматқа ота жасалды. 2 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. 1 адам хирургия бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта 3 адам аталған аурухананың хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайлары тұрақты», – деді облыстық денсаулық басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы орталықтан бір топ адам Ұйғыр ауданына шұғыл жолға шыққанын жеткізді. Облыс әкімі Амандық Баталов «Шонжы» ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.