Назарбаев коронавирус індетін жұқтырып алыпты
АСТАНА. 18 маусым. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус жұқтырып алды. Бұл «Московский комсомолец» хабарлады.
Басылым мұны Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың Twitter-дегі парақшасына жазған жазбасына сүйеніп баяндады.
Қазір экс-президент өзін өзі оқшаулауда отыр. «Өкінішке қарай, соңғы тестілеудің қорытындысы оң нәтиже берді», – деп жазды оның өкілі. Айтуынша, бірақ «әзірге мазасызданатындай ештеңе жоқ». Ол қашықтықтан жұмыс істеуін жалғастырып отыр.
Бұдан бұрын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұрттың жаппай карантин режимін сақтамауы салдарынан кеселдің қауырт өсіп бара жатқанын Twitter-де жазып еді. Еліміздегі 6 ірі қалада қоғамдық орындар, сондай-ақ сауда орталықтары мен фитнес-клубтар жабылады.
Бұдан бөлек, бүгін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың коронавирус жұқтырғандармен байланыста болуы себепті өзін өзі оқшаулауға көшкені де хабарланды.