Мамин, Біртанов, Мырзағалиев, Сапарбаев өздерін оқшаулады
АСТАНА. 16 маусым. Премьер-министр Асқар Мамин бастаған бір топ үкімет мүшесі екі күннен бері өздерін-өздері оқшаулап, бейнебайланыс арқылы жұмыс істеуге көшті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бұған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың коронавирус жұқтырып алуына байланысты жексенбі күні таңертең ауруханаға жатуы себепші болды.
«Премьер-Министр Асқар Мамин 12 маусым күні Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен бірге Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Біртановтың COVID-19 анализінің оң нәтиже көрсетуіне байланысты Үкімет басшысы ПТР тестілеуден өтті – нәтиже теріс», – делінген Үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.
Осы сапарда онымен бірге сонда-ақ Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та бірге болды. Сондықтан Сапарбаев кеше кешке өзін-өзі оқшаулауға көшті.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев коронавирус жұқтырған Елжан Біртановпен байланыста болғаннан кейін оқшауланды.