ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

«Байқоңыр» АҚ басқарма төрағасы зейнетке шықты

ҚЫЗЫЛОРДА. 8 маусым. Бүгін «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Темірхан Кенжебаев ресми түрде зейнетке шықты. Бұл туралы облыстық әкімдік баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.

Осыған байланысты шара Қызылорда облыстық әкімдігінде өтті. Онда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Темірхан Кенжебаевты қабылдады.

Қабылдау барысында аймақ басшысы бұрынғы басқарма төрағасына атқарған қызметі үшін алғыс айтып, ол «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын басқарған жылдарда қоғамның жарғылық капитал қоры 3 есеге артқанына назар аударды.

«Осы уақытқа дейін корпорацияның қатысуымен облыста 39 кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде көлік саласындағы құрылыстар, ауыл шаруашылығы саласындағы мал бордақылау алаңдары және денсаулық сақтау саласындағы шипажай құрылыстары жобаларына ерекше тоқталуға болады. Темірхан Бердәліұлы корпорация тізгінін ұстаған уақытта аймақтағы кәсіпкерлік саласында тың өзгерістер бастау алды», – деді облыс әкімі.

Соңында аймақ басшысы Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Темірхан Кенжебаевқа облыстың Құрмет грамотасын тапсырды.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button