Полицейлерге қоқыс лақтырғандар қамалды (видео)
БАКУ. 8 маусым. Әзербайжан астанасында полицейлерге қоқыс лақтырған 11 адам қамауға алынды. Бұл туралы Turan.az хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 7 маусым күні Бакудегі Ясамал ауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің ауласында полиция қызметкерлері карантин тәртібін бұзған адамды ұстайды. Сол кезде үйлердің тұрғындары үйлердің балкондары терезесінен тәртіп сақшыларына қарай пластик бөтелкелер мен қоқыс салынған пакеттерді жан-жақтан лақтыра бастайды.
«Осыған қарамастан, полиция қызметкерлері шыдамдылық танытып, тәртіп бұзушыға қатысты әкімгершілік шараларын қолданды», – делінген министрлік хабарламасында.
Ал 8 маусым күні таңертең полицияның арнайы экипировка киген жылдам әрекет ету ротасы жанжал орын алған үйге келді. «Бүгін полиция бір күн бұрын өз әрекеттеріне қарсылық көрсеткендерді жазалауға шешім етті. Полиция олардың пәтерлеріне басып кіріп, адамдарды рецидивистер секілді қолдарын арттарына қайырып, алып шықты», – деп жазды портал.
Барлығы 11 адам ұсталды. Олар тергеу жүргізіліп, әрекеттеріне құқықтық баға берілу үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді. Министрлік хабарлағандай, ұсталғандардың әрбірінің кімдер екені анықталатын болады.