Түрікменстанда «Құрметті ақсақал» атағы 4000 манат тұрады
АШХАБАД. 5 маусым. Түрікменстанда елдің «құрметті ақсақалы» атағын алуға тілек білдірушілер 4000 манат төлейді. Бұл туралы «Хроника Туркменистана» хабарлады.
Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов ара-тұра елдегі жастары ұлғайған кісілерге «Құрметті ақсақал» атағын беріп қояды. Оның қандай жолмен және қандай өлшем бойынша тағайындалатыны әзірге белгісіз.
«Хроника Туркменистана» агенттігінің Дашогуз (бұрынғы аты – Ташауыз) велаятында тұратын оқырмандарының бірі мұндай атақты көп көлемде пара берген ауқатты кісілердің ғана ала алатынын айтып берді. Ондайларға қойылатын уәж «Атақты алу үшін кететін шығындарды жабу үшін бұзаулы сиырыңды сатуың керек» деген сыңайды айтылатын көрінеді.
Қағаз толтыру үшін де біраз уақыт кетеді. Атап айтқанда, велаяттың Дашогуздегі хякимлігі мен Ашхабадқа әртүрлі құжаттар мен олардың кепілдендірілген көшірмелерін бірнеше рет апаруға тура келеді. Сонымен бірге, әкімдікке қалай болса солай киініп келе салуға болмайды. Келуші міндетті түрде жаңа дон (ұлттық халат) пен телпек (папаха) киіп келуі тиіс.
Құжаттардан бөлек, велаяттың қағаздарды дайындаушы қызметкері тілек білдірушіден 4000 манат (452, 44 мың теңге) көлемінде ақша сұрайды. Оны «әлдеқандай бір шығындар үшін керек» деген уәж айтады.
Мұндай атақ алғандарға ауылдастары айрықша құрметпен қарайды.