Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Тоқаев: «Қазақстанда «азшылық ұлт» деген ұғым жоқ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Комсомольская правда» газетіне берген эксклюзивті сұхбатында елдегі екі билік, «орыс мәселесі», «Қырым сценариі» және «қытай қаупі» туралы не ойлайтынын айтты

«Ресей біз үшін – ең жақын мемлекет»

Сауалдамаға сәйкес, Ресей азаматтары Белоруссия мен Қазақстанды өздеріне ең дос елдер санайды. Ал Қазақстандағы мұндай сауалдама не дейді?

– Біздің еліміздің азаматтары үшін Ресей ең жақын мемлекет болған және солай болып қала береді. Біздің халықтарымыз арасындағы сеністік пен өзара түсіністік ғасырлар бойы қалыптасты, ауыр сынақтар кезеңінде біз қашанда бірге болдық. Көптеген ресейліктер мен қазақстандықтарды туыстық, достық, кәсіби байланыстар біріктіріп отыр.

Ресейге деген жылы көзқарасты социологиялық сауалдамалар да көрсетіп жүр. Қазақстандықтардың сіздердің мемлекетке деген көптеген жылдар бойғы сенімінің деңгейі 75 пайыздан асып түседі. Бұл – өте жоғары, ең маңыздысы, тұрақты көрсеткіш. Ресейді біздің қоғамдық пікір стратегиялық әріптес және одақтас ретінде қабылдайды.

Қазақстан енді, мәселен, Ресей мен Белоруссияның Одақтық мемлекетіне кіре алар ма еді? Мұндай Одаққа бірыңғай валюта, кеден, Бірыңғай парламент керек пе? Немесе сіздердің жолдарыңыз – ЕАЭО-ны әлдеқандай «Шығыс Еуроодаққа» айналдыру емес пе еді? Бұл мүмкін бе? Сіз мұның 10-20 жылдан кейінгісін қалай көзге елестетесіз? Сіздердің ынтымақтастықтарыңыз бен бірлескен жобаларыңыздың қай формасы барынша тиімді деп санайсыз?

– Қазақстан Ресеймен және Беларусьпен екіжақты форматта да, интеграциялық бірлестіктер (ЕАЭО, ҰҚКҰ, ТМД) аясында да белсене қызмет жасасып келеді. Бізде Ресей мен Беларусьтің одақтық мемлекетіне қосылу жоспары жоқ. Мұндағы басыңқы бағыт – аталған ұйымдар шеңберіндегі интеграциясы одан әрі дамыту.

Біз үшін ЕАЭО-ның экономикалық одақ ретіндегі әлеуетін күшейту үлкен қызығушылық туғызады. Кооперациялық одақты дамыта, тауарлардың жалпы нарығын жасай, одаққа қатысушы мемлекеттердің инвестициялық тартымдылығын күшейте отырып, біз ЕАЭО-ны кең ауқымдағы тиімді құрылымға айналдыра алар едік. Бұл бағыттары жұмыстар сабақтаса жалғасып келеді. 2025 жылға қарай ортақ энергетикалық, қаржылық нарықтар қалыптасатын болады. Бұл ретте цифрлы өзара қарым-қатынас перспективалы болып табылады.

Кейде ЕАЭО-да, тіпті ең жоғары деңгейде де қатты пікірталастар болып тұрады, бірақ олар одақты мейлінше табысты, беделді, тартымды етуге жаппай ұмтылуымыздан туып жатады. Өйткені, бойкүйездік – деградацияның басты белгісі.

«Ешқандай да екі билік жоқ»

Сіздің президент орынтағында Назарбаевты алмастырған кезіңізден бері жылдан аса уақыт өтті. Бірақ ол үлкен саясаттан кеткен жоқ. Сырттағы кейбір саясаттанушылар «Қазақстанда әлдебір екі билік пайда болды» деп сынап жүр.

– Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев – қазіргі заманғы Қазақстанның негізін қалаған тарихи ауқымдағы тұлға. Жақын аралықта (6 шілде) біз оның 80 жылдық мерейтойын тойлаймыз. Әрине, оның біздің халқымыз бен халықаралық қауымдастық алдында сіңірген еңбектері туралы айтатын боламыз. Біз үшін оның тарихи және саяси мұрасын сақтаудың маңызы зор, бұл Қазақстан мемлекетінің нығаюы үшін қажет. Сондықтан менің сайлауалды платформамның бірінші тармағы тап осы сабақтастық болды.

Қазіргі күрделі жағдайда Назарбаев менің дағдарыстан жылдам шығу, жаңа экономика жасау және азаматтарды материалдық жағынан көтермелеу жөніндегі бағытыма шешімді түрде қолдау білдірді. Ешқандай да екі билік жоқ, бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі жұртты іс басындағы президенттің төңірегіне топтасуға шақыра отырып, бірнеше рет айтты.

«Орыстар – біздің халқымыздың бір бөлігі»

– Мемлекет деген – онда тұратын халықтардың отбасысы. Қазір Қазақстанда қанша орыс тұрады және олардың құқықтары қаншалықты қорғалған?

– Біздің көзқарасымыша, ұлтаралық келісім – бұл ішкі саяси тұрақтылықтың аса маңызды факторы, онсыз елдің тұрақты дамуы мүмкін емес. Қазақстан да Ресей сияқты – көп ұлтты мемлекет. Мен мұны үлкен стратегиялық артықшылық деп есептеймін, біз «бірлік көп қырлылықта» принципінен шығамыз.

Шын мәнінде қазақстандықтар өзінің этникалық тегіне қарамастан, өздерін біртұтас халық, біртұтас ұлт санайды. Қазақстанда «азшылық ұлт» деген ұғым жоқ. Республикада 3,5 миллионнан аса орыстап тұрады, олар жалпы тұрғындар арасындағы үлесі 19 пайызға жуықтайды. Біздің елімізде тұратын орыстар – біздің халқымыздың ажырамас бір бөлшегі, олар барлық құқықтарды пайдаланады.

Жуырда мен шетелдік талдамалы материалдардың бірінен «Қазақстандағы орыс диаспорасы» деген тіркеске тап келіп қалдым. Сосын өз идеологтарымыз бен аналтиктерімізге ешбір жағдайда мұндай тіркесті қолданбау керектігін ескерттім, бұл біздегі ақиқи жағдайға түбірінен қайшы келеді. Орыстар – біздің халқымыздың бір бөлігі, олардың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлестері орасан зор, мұны ұмытуға болмайды.

Көптеген орыстар біздің тарихымызға өздерінің аттарын алтын әріппен жазып қалдырды. Олардың қатарында Григорий Потанин, Павел Зенков, Евгений Брусиловский, Александр Затаевич, Александр Бараев, Сергей Луганский, Иван Шухов, Иван Панфилов, Иван Павлов, Николай Макиевский секілді тұлғалар бар. Бұлар және тағы басқа көптеген кісілер – Қазақстанның мақтанышы. Ал Геннадий Головкин, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, басқа да атақты спортшылар әлемнің спорт ареналарында Қазақстанның намысын сәтті қорғап жүр.

– «Комсомольская правда» газетінің арнаулы тілшісі Дмитрий Стешин бір жыл бұрын Қазақстанды аралап шығып, Сіздің еліңіздің орыс азаматтарымен әңгімелесті. Сонда олардың көпшілігі елді мекендердің атын ауыстырудың жиілігін, славян тектес тұрғындардың билік органдарына орналасуында белгілі бір қиындықтар барын атап өтіпті.

– Жаппай ауыстырылып жатқан жоқ. Бірқатар елді мекендерге, көшелерге байырғы атаулары қайтарылып жатыр. Кеңестік дәуірдің бейнесін танытатын, ешқандай мәні қалмаған, мысалы, «Тепловозная» және «Приканальная» деген сияқты жергілікті тұрғындар арасында танымал емес қолайсыз атаулар, топонимдер солай келмеске кетеді.

Әрбір ауыстыру алдында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тарихи мәні айтылады, әлеуметтік сауалдамалар мен жиындар кезінде айтылған азаматтар пікірлері ескеріледі.

Билік өзінің алдына орыс атауларын түгел алып тастауды қойып отырған жоқ. Жуырда ғана Қарағандыда Григорий Потанин (Орталық Азияны зерттеген орыс географы, публицист, – ред) және Александ Затаевич (орыс және кеңес музыканты, Қазақ КСР халық әртісі, – ред) көшелері пайда болды. Мемлекеттік қызметке тұруға тілек білдірушілерге қатысты шеттетушілік бар дегенге келісе алмаймын. Славяндар мен басқа да этностардың өкілдері қазіргі таңда үкіметтік мекемелерде, парламентте, мәслихаттарда (жергілікті өкілетті орган, – ред) жүр. Орыстар шағын және орта бизнесті, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Конституция бойынша, орыс тілі мемлекеттік органдарда ресми түрде қолданылады.

Екінші жағынан орыстар Қазақстанда айтарлықтай жинақы – солтүстік және шығыс аумақтарда отыр. Кейбір сарапшылар Қазақстанда Қырым немесе Донбасс сценариі қайталанып қалу мүмкіндігі туралы «болжам жасайды».

– Жалған сарапшылардың мұндай болдамдары шындыққа сәйкес келмейді. Олар, негізі, Қазақстандағы ахуалды бұзуға және біздің мемлекеттеріміз арасындағы бейбіт көршілік, одақтық қарым-қатынастарға сына қағуға бағытталады. Мұндай болжамдарды тек өзгенің үнімен үрлейтін дұшпандық пиғылдағы біліксіз адамдар ғана айта алады.

«Латын қарпіне асықпай көшетін боламыз»

Қазақстанда кириллицадан латиницаға көшу үдерісі жүріп жатыр. Біздің көп жылдық ортақ тарихымызды, мәдени-рухани жақындығымызды ескере келгенде, бұл Ресей тарапында белгілі бір деңгейде алаңдаушылық туғызады.

– Аталмыш үдерісті бірінші президент Назарбаев рухани жаңғыру тұжырымдамасы шеңберінде бастап берді. Ол латиницаға көшудің тек қазақ тілін ғана қамтитынын, оның орыс тіліне еш қатысы жоғын талай рет айтқан.

Жаңа технологияларды енгізуді жылдамдату нәтижесінде әлемдік ақпарат кеңістігі жедел игерілетін болады. Біздің балаларымыз жаңа нақты жағдайға ендеп еніп кете алады, өйткені, негізгі ақпарат тасқыны латын графикасына сүйенеді.

Қазақ әліпбиін жаңғырту қазақ тілінің коммуникациялық мүмкіндігін кеңейту тілегінен туып отыр.

Сонымен бір мезгілде біз латиницаға біртіндеп, жасанды жеделдетусіз, Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибесін ескере отырып көшетін боламыз. Себебі, әңгіме жай кириллицадан латиницаға ауыса салу туралы емес, қазақ тілінің орфографиясын реформалау жөнінде болып отыр. Бұдан бөлек, қазақ әдебиеті классиктерінің сүбелі туындыларының бәрі кириллицада жасалғанын, қазақтардың біраз буынының тап осы қаріп бойынша білім алғанын ұмытуға болмайды. сондықтан асығыстық бұл іргелі іске залалын келтіруі мүмкін, оған ойлылықпен келуіміз керек.

«Астық ОПЕК-ін жасау – қызықты бастама»

Ресей мен Қазақстан – әлемдегі аса ірі астық өндірушілер. Сіз бағаға қолдау жасау үшін «астақ ОПЕК-ін» құру идеясына қалай қарайсыз?

– Ресей мен Қазақстан әлемдегі бидай экспортерлерінің 10-дығына кіреді, біздің әлемдегі бидай экспортындағы үлесіміз 3 пайызды құрайды. Бәрімізге белгілі, ОПЕК-тің шешімдері мұнайға қолайлы баға қою арқылы оның өндірілу көлемін шақтап ұстап тұруға бағытталады. «Астық ОПЕК-ін» жасау астық нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және астықтың баға саясатын реттеп отыруға бағытталған қызықты бастама болуы мүмкін.

Бірақ нарықтың өз ерекшелігі бар. Бағаға ауа райының жағдайы мен өнім көлемі қатты әсер етеді. Бұдан бөлек, Қазақстан секілді теңізге бірден шыға алмайтын елдер үшін табиғи сауда шектеулері тағы бар, әлбетте, әдепкі бағаны белгілеп қоюдан бұл елдердің залал шегулері мүмкін. Мұндай картельді жасар кезінде шағын ойыншылардың мүдделері ескерілуі, сондай-ақ «астық ОПЕК-ін» құрудың ДСҰ нормаларына қаншалықты сәйкес келетіні ойластырылуы керек. Алайда, тұжырымдаманың өзі, сөз жоқ, мамандардың қызықты талқылауына түсе алады.

«Біз Ресей бизнесіне қолдау көрсетеміз»

Қазақстан салық салу мен мемлекеттің бизнеспен қарым-қатынасы саласында озық болып саналады. «Кеңес шекпенінен» шыққандардың бірі – Қазақстан экономикалық жүйесінің Ресей мен ТМД-ның басқа елдері үлгі етіп алатындай күшті жақтары қандай?

– Салықтың ауыртпалығын жеңілдету – Ресей секілді Қазақстанның да алға қойған стратегиялық мақсаты. Бұл – экономикадағы бәсекеге қабілеттілікті көтері мен инвестициялық климаттың тартымдылығын қамтамасыз етудегі маңызды фактор. Қазақстандағы салық мөлшері ТМД мемлекеттерінде қолданыста жүрген мөлшерден төмен. Бұлардың жеке кәсіпкерлік пен заңды тұлғаны табыстарына салынатын салықтарға, қосымша құнға, жеке тұлғаның табыстары салығына қатыстары бар. Сонымен бірге, Ресейдегі сияқты Қазақстанның салық жүйесі, көптеген дамыған елдерге қарағанда, «қонақжайлы», ол ең алдымен шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған.

Біздің салық жүйеміздің артықшылығы кәсіпкерлердің фискалды органдармен жасасатын қысқа байланыстарынан да көрінеді. Салық әкімгершілігінің процедурасын ақпарат жүйесі арқылы жүзеге асыруға болады және сол ету қажет. Қазақстанда салық органдарына кәсіпкерлердің іс-әрекеттеріне араласуға заң жүзінде тыйым салынған.

Кәсіпкерлерге, арнайы салық салу режимін қосқанда, салық жеңілдіктерінің кең ауқымды спектрі ұсынылған. Біз микро және шағын кәсіпкерлікті табысқа салық төлеуден үш жылға босатып, салық тексерулерін жүргізуге мораторий енгізіп қойдық.

Қазақстанның Ресейден үйренгісі келетін нәрсесі бар ма?

– Біз Ресейдің кеден операцияларын цифрландыру мен салық әкімгершілігіндегі елеулі жетістіктерін көріп отырмыз. Кеден органдары іс жүзінде адамның қатысуын түгелдей жоққа шығаратын технологияны – автоматты тіркеу мен декларацияны автоматты шығаруды енгізген. Бұл тұрғыда Қазақстан үшін кеденнен өткізудің ресейлік моделі қызықты. Ресей салық әкімгершілігін цифрландыру саласында әлемде көшбастаушылар қатарында. Сіздердің салықты бақылауды күшейту және көп мағлұматтар технологиясын қолдануларыңыз айрықша назар аударуға тұрады.

Ресейлік бизнесмендердің бірқатар артықшылықтары бар болуына байланысты өз компанияларын Қазақстанға ынтамен тіркететіндері белгілі. Қазіргі ахуал қандай және Ресей бизнесі Қазақстанға қаншалықты тиімді?

– Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптесі болып табылады. Ресейдің Қазақстанға тікелей инвестициясының көлемі 17,5 миллиард долларды құрайды. Екі жақты сауда айналымы 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда 6,2 пайызға ұлғайды, ол 20 миллиард долларға жуық қаржыны құрады.

Қазақстанда 7 мыңнан аса ресейлік компаниялар, 3,5 мыңға жуық қазақстан-ресей бірлескен кәсіпорындары табысты жұмыс істеп келеді. Экономиканың басыңқы салаларында бірлескен жобалар белсене жүзеге асырылуда. Мысалы, 2018 жылы Ресейдің «Полиметалл» атты ірі компаниясы 418 миллион долларлық инвестиция көлемі бар Бақыршық тау-кен кәсіпорнын іске қосып берді. Енді сомасы 6,9 миллиард долларлық 53 инвестицияоық жобаны бірлесе жүзеге асыру жоспарланып отыр.

2019 жылғы сәуірде біз өндірістік кооперация саласында бірлескен іс-әрекеттер бағдарламасын қабылдап, сол жылғы қазанда аталмыш бағдарламаның бірінші жобасы – Қостанайда қуаты жылына 500 тракторге дейін шығаратын «Кировец» тракторлар өндірісі іске қосылды.

Біз Ресеймен жоғары өнім шығарылатын мұнай-газдағы, мұнай-химиядағы және басқа да секторлардағы әріптестігімізді белсенді түрде ілгері жылжыта беруге ниеттіміз. Каспий шельфінде теңіздегі мұнай-газ жобалары бойынша ынтымақтастық жанданды. Біз Ресейдің стратегиялық әріптес болатынына үміт артамыз. Біздің елімізде «Лукойл» табысты жұмыс жасап жатыр.

Біз Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан Ресей бизнесіне қолдау көрсетеміз. Сонымен бірге, біздің әріптестігіміздің нәтижесі КХР мен Орталық Азия нарығына шығатын өндіріс болады деп күтеміз.

Биылғы жылғы күзде аймақтық экономикалық әріптестік жөнінде шешімдер қабылдайтын Қазақстан-Ресей форумын өткізу жоспарланып отыр. Екі жақты ынтымақтастықтың бүкіл кешені тәрізді бұл мәселеге де мүлтіксіз назар аударған президент Путинге ризалығымды білдіремін.

«Қытай экспансиясы» туралы пікірлер шындыққа сәйкес келмейді»

Қытайдың Орталық Азияға араласушылығы қаншалықты күшті? «Қытай экспансиясы», ҚХР тарапынан қауіп-қатер туралы сөз бар ма?

– Орталық Азияның, Қытай мен Ресейдің халықтары ғасырлар бойы бір-бірлерімен сауда жасасып, рухани білімдерімен алмасты. Сондықтан Ұлы Жібек жолы аймақтың тарихи символы болып қалды.

Орталық Азияның геосаяси орналасуы мен үлкен әлеуеті әлем қауымдастығының назарын өзіне аударады, әрине, соның ішінде Қытайдың да.

«Бір белдеу және бір жол» бастамасы Орталық Азияда қызықты жобалардың пайда болуына жол ашты. Олардың көпшілігі Азия инфрақұрылымдар инвестициясы банкі мен Жібек жолы қорының көмегімен жүзеге асырылды.

Әлбетте, «Бір белдеу және бір жолдың» құрғақтағы бөлігінің Қытай мен Еуропа, Таяу Шығыс арасындағы жалғастырушы буын болып отырған Қазақстан мен аймақтағы басқа елдерсіз ешбір мағынасы жоқ. Қытай инвестициялары мен екі жақты сауданың көлемі тұрақты өсіп келеді. 2018 жылы Қытайдың аймақтағы бес елге тікелей инвестициясының көлемі 15 миллиард долларға жақындады. Өткен жылы Орталық Азияның ҚХР-мен бірлескен сауда айналымы 33 миллиард доллардан асып түсті. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік екі жақты сипат алып тұр, сондықтан «қытай экспансиясы» туралы пікірлер нақтылы істің жағдайына сәйкес келеді деп ойламаймын.

Сіз Қазақстанның Қытаймен ынтымақтастығы дамуының келешегін қалай көзге елестетесіз?

– Қытаймен ынтымақтастық дамуымен біздің бірінші президентіміз Назарбаев айналысты. Қазіргі таңда біздің дәулеттеріміз арасындағы қарым-қатынас ұзақ мерзімдік стратегиялық әріптестіктің деңгейіне шықты.

Жоғары саяси деңгейде оң динамикалық байланыс түзілді. Төраға Си Цзиньпинмен өткен жылдың қыркүйегінде болған келісссөз барысында біздің елдеріміз ынтымақтастығының перспективалы бағыттары айқындалған Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Біз халықаралық және аймақтық ұйымдарда (БҰҰ, ШЫҰ, АӨСК) өзара белсенді әрекет жасасамыз.

Қытай Қазақстанның экономикалық әріптесі болып табылады. 2019 жылы екі жақты сауда айналымы 14,5 миллиард долларға жетті.

Біздің әріптестігіміздің тарихындағы жарқын бет ретінде COVID-2019 пандемиясымен күрес  кезінде орын алған ынтымақтастық пен өзара көмекті айтуға болады. Қазақстан Уханьға медициналық гуманитарлық көмек жөнелтті. Менің телефон арқылы сөйлескен сөзімде төраға Си Цзиньпин «достардың қиын кезде ғана танылатыны» туралы мақалдың дұрыстығын мәлімдеді. Коронавирус толқыны Қазақстанға жеткен кезде Қытай тарапы кідірместен бізге қайтарма гуманитарлық көмек көрсетіп, білікті мамандардың тобын жіберді.

 «АҚШ-тың әскери базасын салу жайы талқыланбайды»

Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасы пайда болуы мүмкін бе?

– Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын салу туралы мәселе күн тәртібінде талқыланып жатқан жоқ. Сонымен бірге, Қазақстан мен Құрама Штаттар арасында энергетика, инвестиция, технология тәрізді стратегиялық сфералардағы ынтымақтастық табысты дамуда. Біз қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау мәселесі бойынша ұдайы байланыста келеміз. Біз Алматыдағы бұрынғы обаға қарсы күрес институтының базасында биологиялық қауіпсіздік саласында жұмыс істестік, бірақ қазір, келісімшарт мерзімінің бітуіне байланысты америкалықтар референс-зертханадан кетіп қалды, онда тек қазақстандық мамандар өз бюджетіміздің есебінен жұмыс істеп жатыр. Біз бұл саладағы зерттеудің өзекті екенін ескере отырып, Ресей мамандарымен барынша ашықтықпен бірге қызмет жасасуға әзірміз.

 «Байқоңырды жаңғыртатын боламыз»

Байқоңыр қазіргі күннің жағдайында қалай өмір сүріп жатыр? Сіз адамның ғарышты игеруін бастап берген әлемдегі басты космодромдардың бірінің болашағын қалай көзге елестетесіз? Онда Ресейге орын бар ма?

– Біздің ғарыш саласындағы өзара әрекетіміз бен Байқоңыр қаласын бірлесе дамытуымыз – Қазақстан мен Ресейдің көп қырлы ынтымақтастығының көрнекі үлгісі.

Космодромның өміршеңдігі мен тиімді дамуы мәселелерін Үкіметаралық комиссия қарайды. Мұнда басыңқылық байланыс саласында, телевидениеде, ғылыми зерттеулерде пайдаланылатын азаматтық мақсаттағы ғарыш аппараттарын жасауға беріледі. Біз «Гагариндік сөре» жобасы бойынша қызмет жасасамыз. Қазақстанның, Ресейдің және БАӘ-нің инвесторлары ғарышқа алғашқы адам ұшырылған осы тарихи алаңды жаңғыртуға қаржы құюға ниетті болып отыр. «Бәйтерек» бірлескен жобасының мақсаты «Протон» токсикалы отын ракетасының орнына экологиялық қауіпсіз тасығыштар аппаратын шығару үшін зымыран-ғарыш кешенін жасау болып табылады.

Қазақстанның екі елдің экономикасын дамытуға айтарлықтай үлес қосатын «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын жасау жөнінде бастама көтергенін бөліп айтқым келеді.

Қазан айында космодромның 65 жылдығын атап өтеміз. Біздің елдеріміз айтулы датаны лайықты қарсы алуға тиіс қой деп санаймын, өткені, Байқоңыр – бүкіл адамзаттың жетістігі, оның әлем космонавтикасындағы тарихи рөлі талассыз жоғары.

 «Комсомолканың» оқырманы болып қала берем»

Сізге осыншалықты мазмұнды және қызықты жауаптарыңыз үшін алғыс айтамыз! Сөз соңында Сіз «Комсомолка» редакциясы мен оның оқырмандарына қандай тілектер білдірер едіңіз?

– Жағдайды пайдаланып, «Комсомольская правданың» ұжымын газеттің 95 жылдығымен құттықтап қойғым келеді.

Мен кемелденген социализм дәуірінде де, атышулы тоқырауда да, сәтсіз қайта құруда да, КСРО тарағанда да «Комсомолканың» тұрақты оқырманы болдым. Қазір де солай болып қалдым. «Комсомолканың» 95 жылдық тарихының кем дегенде 45 жылы, тура мағынасында, менің көз алдымнан өтті. Осының өзі көп нәрсені білдіретін шығар деген үміттемін.

Сіздердің газеттеріңіздің алдағы уақытта да біздің халықтарымыз арасындағы достықтың нығаюына өзінің көрнекті үлесін қоса беретініне сенімдімін. Сіздерге – жаңа шығармашылық табыстар, ал сіздердің қарасы қалың оқырмандарыңызға денсаулық, оптимизм және игілік тілеймін.

Сұхбатты жүргізгендер:

Владимир Сунгоркин, Андрей Седов (КП-Мәскеу), Виктор Кияница (КП-Қазақстан)

«Комсомольская правда»,

3 маусым, 2020 жыл

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button