Трамп бүлікшіл қалаларға әскер жіберетінін айтты
ВАШИНГТОН. 2 маусым. АҚШ президенті Дональд Трамп бүлік көтеруші қалаларға Қарулы күштер жіберетінін айтып ескертті. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Ақ үйдің егесі шерулер өтіп жатқан штаттар губернаторларына ауыр қарулы күштерді іске қосып, «көшелерде басымдық алуға» кеңес берді.
Америка лидерінің пікірінше, жағдай қалыпқа келгенге дейін қарсылық көрсетушілерге қарсылық көрсетіп тұру керек.
«Егер қалада немесе штатта тұрғындардың өмірлері мен меншіктерін қорғау үшін қажетті әрекеттер жасалмайтын болса, онда олар [губернаторлар] үшін мен АҚШ Қарулы күштерін жеткізіп, проблеманы тез шешіп беремін», – деп атап көрсетті президент.
АҚШ-ты тура бір аптадан бері дірілдетіп жатқан оқиғаның бастауы 25 мамыр күні Миннесота штатындағы Миннеаполис қаласында полицейлердің Джордж Флойд есімді 46 жастағы қара нәсілді жұмыссыз кісіні тұншықтырып өлтіргенінен басталған еді. Келесі күні «Маған ауа жетпей жатыр» деген жазуы бар тұмылдырық киіп алған жүздеген адам көшеге шығып, қарсылық қозғалысын бастап кетті. Қайтыс болған ер кісі өлер алдында дәл осы сөзді айтқан екен.
Сәрсенбі күні қозғалыс бейбіт шеру мен митингіден басталды. Бірақ кешке қарай демонстранттар полиция учаскесіне шабуыл жасап, терезелерді қиратты. Мұның соңынан бірнеше магазин отқа оранды.
Қазір қарсылық қозғалысы Американың ондаған қаласын қамтып отыр. Олардың арасында Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анджелес, Филадельфия сынды мегаполистер де бар. Қозғалыс көп жерде нағыз бүліншілікке ұласып, адамдардың тонауы сипатындағы мародерлікке айналып кетті. Көшеге шыққан жұрт супермаркеттерді тонап, ту-талақай етуде. Вандализм мен мародерлікке қоса, полицейлерге қарсы көтерілу орын алуда.
Осы кезде қалаларда бас көтерушілерді екі топқа бөліп қарастыруға болады. Олардың бірінші тобы шынымен орын алған оқиғаға заң тұрғысында баға беріліп, кінәлілерді жазалауды талап ететіндерден тқрса, екінші тобы осы жағдайды пайдаланып, мародерлікпен айналысуды мақсат тұтқан бұзақылардан құралған. Екінші топтың тағы бір мақсаты елдегі жағдайды ушықтырып, қоғамды ақ және қара нәсілділер етіп екіге жару болып отыр. Бұларды АҚШ-тағы белгілі саяси күштер айдап салып отырғанға ұқсайды. Мұның астарында алдағы сайлауда Дональд Трампты құлату әрекеті жатыр.
Саяси сарапшылар осы ретте АҚШ президентінің осы кезге дейін халыққа арнап сөз сөйлемегені дұрыс болмағанын, мұның өзіне зияны тиіп жатқанын айтып отыр. Бұған кезінде сайлауға кесірі тиіп кетеді деген сақтық себеп болса керек.
Ал осы оқиғаның орын алуына негізгі себепші болған 4 полицей артынша жұмыстан қуылды. Соның ішінде жігіттің өліміне тікелей кінәлі болған біреуі қамауға алынды.
Айтқандай, Дональд Трамптың өзі қазір бункерде тығылып отыр.